Тоғыз жасар қыз мектепке пижамамен баруға мәжбүр

0
Тоғыз жасар қыз мектепке пижамамен баруға мәжбүр


Ұлыбританияда мектеп формасына аллергиясы бар 9 жасар қыз сабаққа пижамамен баруға мәжбүр.

Ноттингем графтығы, Киворт ауылында тұратын Лили Мейсон сирек кездесетін ауруға шалдыққан. Қыздың иммунды жүйесі тым сезімтал болып, түрлі тітіркендіргіштерге шектен тыс реакция береді.
Өткен жылдың қазанында 9 жасар Лилиде мектеп формасына аллергия басталған. Оның бүкіл денесі бөртіп кеткен. Мұны көрген анасы Джой қызын мектепке жұмсақ матадан тігілген панда түріндегі пижамамен жібереді. Пижама қыздың денесін тітіркендірмейтін жалғыз ғана киім екен. Бөртпеден бөлек, Лилиде анафилаксиялық шок та болуы мүмкін, сондықтан оқушының басқа таңдауы болмаған.

«Матаның кейбір түрлері қызымның денесін тітіркендіреді, бірақ жағдайы лезде өзгеріп тұратыны соншалық, барлық аллергеннің алдын алу мүмкін емес. Бір күні барлығы жақсы болса, екінші күні керісінше», — деп түсіндірді қыздың анасы.

Ауруы асқынған кезде Лили үстіне тек пижама киіп, арнайы тігілген көрпешелерде отырып, ауырсынуды басатын дәрі ішуге мәжбүр. Оған тек тағамның тоғыз түрін ғана жеуге болатын көрінеді.

Дәрігерлер оқушы қызға диагнозды былтыр қойған. Анасының айтуынша, терапевтердің көбі бұл ауру жайлы тіпті естімепті.
«Лилиде кез келген нәрсеге аллергия пайда болуы мүмкін екенін анықтадық. Денесі бөртіп, анафилаксия болуы мүмкін, мұрны қанайды, бойын әлсіздік билейді, былайша айтқанда, өзін ешқашанда жақсы сезінбейді», — дейді әйел.

Дереккөз: sputniknews.kz