«Тоғыз пәтерді заңсыз иемденген»: Петропавлда шенеунік әйелдер сотталды

0

Сотталғандардың мемлекетке келтірген шығыны — 96 миллион теңге

НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым — Sputnik. Петропавл қаласында жылжымайтын мүлікті заңсыз иемденген лауазымды тұлғалар сотталды, деп хабарлайды мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаменті Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің құқықтық жұмыс және мемлекеттік сатып алу секторының бұрынғы меңгерушісі Б. Өмірсетова, құқықтық жұмыс және мемлекеттік сатып алу секторының бұрынғы инспекторы Ж. Есетова, сондай-ақ Б. Өмірсетованың күйеуі мен Ж. Есетованың бірге тұратын адамына қатысты сотқа дейінгі тергеу ісін аяқтады.

Тағы оқыңыз: Таразда бұрынғы түрме бастығы жеті жылға сотталды

«Тергеу барысында олардың мәжбүрлі түрде меншіктен шығарылуы тиіс тұрғын үйлерді заңсыз именденгені анықталды. Олар баспананы үлестес тұлғалардың атына ресімдеп, жаңа үйлердегі 9 пәтерді заңсыз иемденген. Мемлекетке келген шығын — 96 миллион теңге», — делінген баспасөз хабарламасында.

Биыл 17 мамырда Солтүстік Қазақстан облысының аппеляциялық сотының шешімімен Б. Өмірсетова мен Ж. Есетованың мүлікі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал сыбайластары — Б. Өмірсетованың жолдасы мен Ж. Есетованың бірге тұратын адамының мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тағы оқыңыз: Маңғыстау облысында департамент басшысының орынбасары сотталды



sputniknews.kz