ТОҒАЙ БҰҒЫСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ – ТАСПАДА

0
117

Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Қазақстан табиғаты: Хангүл соңынан» атты деректі фильмнің алғашқы көрсетілімі өтті. Туынды Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Жалпы, өткен аптада «Қазақфильм» киностудиясындағы отандық деректі фильм режиссерлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Аталған туындылар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы мәселелермен тығыз астасып жатыр.

Бас-аяғы 26 минуттық фильмде шөлді ай­мақтарды мекен ететін асылтұқымды бұғы – Тоғай кермаралы туралы көрсетіледі. Метрге жуық мүйіз өсіндісіне байланысты атал­ған бұғыны шығыста «хангүл» деп атаса, ба­тыс мәдениетінде «хан гүлі» деп баян­дай­ды. Сценарий авторы және режиссері – бұ­рын «Хабар» және Kazakh TV арналарында (бұ­рынғы Caspionet) жемісті еңбек еткен Ви­талий Чернов.
– Фильм қысқа уақыт ішінде тас­па­лан­ды. Көк­тем айларында түсіріп, керек мате­риал­дарды жинақтап үлгердік. Түсірілім жұ­мыстары негізінен Түркістан және Ал­маты облыстарында жүргізілді. Бұл идея бе­кер таңдап алынған жоқ. Жалпы, табиғат – менің сүйікті тақырыбым. «Хабар» агент­тігін­де жұмыс істеп жүрген кезімде Kazakh TV арнасының эфирінен апта сайын «Царство природы» атты бағдарламамды ұсы­нып отырдым. Ұзақ жыл бойы табиғатты етен­е танып, зерттеуім маған үлкен пайдасын ти­гізді деп ойлаймын, – дейді режиссер.
Ертеде тоғай бұғысы Сырдарияның орта жә­не төменгі ағыстары бойын, Қызылқұмды жиі жайлаған екен. Алайда адамдардың аң­шылыққа бет бұруы, жа­нуар­дың бұл түрінің күрт азаюына әкеліп соққан. Соң­ғы тоғай бұғысы 1956 жылы Тартоғай өлкесінде өлтірілген. Кейінірек, 1981 жылы «хан­гүлді» Түркменстаннан Қарашеңгел мем­лекеттік аңшылық шаруашылығына алып келіп, жерсіндірген. Қазіргі таңда бұл жануар «Қызыл кітапқа» енгізілген.
– Сюжет желісі бойынша бұхар бұғы­сы­ның (кей деректерде осылай да аталады) тағ­дыры суреттеледі. Қазір әлемде табиғат, эко­логия мәселесі күйіп тұрған тақы­рып­­тар санатында. Сондықтан осындай ма­ңыз­ды деректі фильмдер жасап, оған қоғам назарын аударғымыз келеді, – дейді Виталий Чернов.

Дереккөз: Айқын