«То-қа-ев!». Сот үкімімен келіспегендер «Нұр Отанға» барды

0
138

Партия қызметкері Қазақстанның әр аймағынан жиналған ондаған адамды ғимаратқа кіргізіп, шағымдарын тыңдады. Наразылар арасында «заңсыз сот шешімінің негізінде жалғыз баспанамыздан айырылдық», «баламның өлімін дұрыс тергемеді», «жақыным жазықсыз түрмеде отыр» деп келгендер болды.

Сот шешімімен келіспейтіндер мамырдың ортасында «Нұр Отанға» хат жазғанын айтады. Олар партияға «Тоқаевпен кездесуге келетіндерін алдын ала ескерткен». Бірақ партия қызметкерлері маусымның 9-ы күні өтетін сайлауға «Нұр Отан» атынан түсетін Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақтарға кеткенін, Нұр-Сұлтанда жоқ екенін жеткізді.

– Ол халықпен кездесуі тиіс. Бірнеше күн бұрын Facebook желісінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқушылармен кездескенін көрдім. Кешіріңіз, бұл не сонда? Үлкендер оған кіріп, сұрақ қоя алмай жүрсе, ол оқушылармен кездесіп жүр. Бұл масқара ғой, – деді партия құра алмай Алматы қаласы әкімдігімен соттасып жүрген белсенді Санавар Закирова. Осыдан кейін залға жиналғандар «Масқара! Масқара!» деп айғайлады. Тоқаевтың Нұр-Сұлтандағы штабының жетекшісі Арыстанғали Сансызбаев жиналғандарды сабырға шақырды.

– Шағымдарыңызды алғанбыз. Хабарымыз бар. Жоғарғы сот пен бас прокуратураға жібердік. Тоқаев оқушылармен үгіт-насихат шарасы кезінде кездескен жоқ. Жұмыс барысында, балаларды қорғау күніне арналған шара кезінде жолықты, – деді ол.

Сансызбаев келгендерді кандидат Тоқаев штабының қоғамдық қабылдауына шақырды. Ол «мәселенің шешімін бірге табайық» деп еді, бірақ наразылар тыңдамады. Наразылар Тоқаевпен кездесуді, сот шешімдерін қайта қарайтын ведомстволар арасында арнайы комиссия құруды талап етті.

Наразылар залда Жоғарғы сот судьяларының отставкасын талап еткен баннерлер жайып, «То-қа-ев! То-қа-ев!» деп айғайлады. Кейбірі эмоцияға беріліп, сот шешімін әділетсіз деп шағым айтты.

«Нұр Отанға» Бішкек тұрғыны Әсел Макеева да келген. Алматы соты оның күйеуі Уланбек Мурадиловті және екі Қырғызстан азаматын «контрабанда» айыбымен 10 жылға соттаған. Макеева журналистерге «сот біз ұсынған дәлелдерді ескермеді» деді. Ол Қазақстан астанасына «әділдік іздеп келгенін» айтты.

– Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін естуге келдік. Оның келгенін күтеміз. Күн болсын, түн болсын, тіпті 8 маусымға дейін күтуге бармыз.

Сот шешімімен келіспей бірнеше жылдан бері наразылық танытып жүрген шығыс қазақстандық зейнеткерлер Владимир мен Валентина Тарасова да «Нұр Отанға» келді. Олар ұлдары Григорий Тарасовтың өліміне қатысты істі сот «заңсыз жауып тастады» деп шағымданады. Тарасовтардың пайымдауынша, бизнеспен айналысып жүрген ұлын біреулер өлтіріп кеткен.

– Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін естуге келдік. Оның келгенін күтеміз. Күн болсын, түн болсын, тіпті 8 маусымға дейін күтуге бармыз, – деді олар.

Маусымның 3-і күні Нұр-Сұлтанда бір топ ана Ақорда мен Үкімет үйі маңына жиналып, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап еткен. Олар «биліктен баспана сұраған». Кейін оларға президент әкімшілігінің жетекшісі Бақытжан Сағынтаев шығып, маусымның 4-і күні кездесетінін айтқан. Бірақ бүгін, маусымның 4-і күні аналарға Сағынтаев келген жоқ. Оның «Ақордаға» жиынға кеткені айтылды. Аналарды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова қабылдады. Қазақстан аймақтарын аралап жүрген Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында «аналар мәселесін қарастыру үшін жұмыс тобын құруды тапсырғанын, мәселе заңға сай шешілу керектігін» жазған.

Тоқаевтың сайлау штабы оның аймақтарды кандидат ретінде емес, президент ретінде аралап жүргенін айтады.

​»Нұр Отандағы» наразылық қалай өтті?

Azattyq