ТМД елдеріндегі алғашқы геобақ Маңғыстауда құрылады

0

Қазір ЮНЕСКО мамандары қажетті археологиялық және табиғи ақпараттардың сараптамасын жасап жатыр. Ауқымды жоба Маңғыстаудың кереметтерін бүкіл әлемге танытып, елімізге келетін саяхаттаушылардың санын арттыруға мүмкіндік бермек.

— Қайталанбас табиғат пен тарихи ескерткіштері бар геобақ Түпқараған және Маңғыстау аудандарының аумағын қамтиды. Себебі осы аумақта табиғи және мәдени көрікті жерлер көп және автомобиль жолдарының желісі дамыған», деді басқарма басшысы.

Басқарма басшысының айтуынша, «Маңғыстау геопаркі» номинациясын алу үшін ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріне өтінім жолданған. Жыл бойы ЮНЕСКО-ның сарапшылары мен инспекторлары осы аумақты зерттеп, оның әлеуметіне жоғары баға берді. Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның мамандары басшылыққа ұсыныстар дайындауда. Ол ұсыныстарды орындаған жағдайда, жаһандық геопарк мәртебесін алуға мүмкіндік болмақ.

Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен Маңғыстау мекені – ашық аспан астында жатқан мұражай. Еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің үштен бір бөлігі осы өңірде орналасқан. 13 мың ескерткіш бар. Соның жиырмаға жуығы «Геобақ» арқылы отандық және шетелдік саяхаттаушыларға таныстырылмақ. Қонақтар Маңғыстауда ғана кездесетін Сұлтан үпі, Шақпақ ата сынды жерасты мешіттері, шар тәріздес алып тастар, қазба жұмыстары жүріп жатқан ежелгі қала орындарын аралап, тамашалай алады.

Қазіргі таңда әлемнің 38 елінде 140 жаһандық геобақ бар.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы