Тіс пастасы, кір ұнтағы: Қазақстанда саудагерлер әйгілі брендті тауарлар көшірмесін сатып келген — Қазақстан жаңалықтары
[ad_1]
Алматыда Louis Vuitton, Chanel, Hermes тәрізді әйгілі бренд тауарларының көшірмесін сатумен айналысқан саудагерлер жауапқа тартыла бастады. Көшірме өнімдердің арасында корей косметикасы, тіс жуатын паста мен кір жуатын ұнтақ, ойыншықтар, азық-түлік, көлік майы мен бөлшектері де бар.
Аталған сән үйлері контрафактті заттарды сатып, тауар белгісін заңсыз пайдаланып жүргендерді желідегі парақшалары арқылы анықтаған. Ендігі олардың әрбірін сот арқылы жауапқа тартуда.
Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Танымал брендтердің тауар белгілері жапсырылған тауарларды тек құқық иесінің арнайы өтінішімен тәркілеуге болады. Арнайы зерттеу жүргізілгеннен кейін олар қолданысқа жарамсыз, денсаулыққа зиян деп танылса, жаппай жойылады екен. Ал тұтынуға жарамды болса, тәркіленген тауар мемлекеттік пайдасына өтетін көрінеді. Дәл осы тексерістердің нәтижесінде өткен жылы 45 әкімшілік іс қозғалып, жеке кәсіпкерлер 3 миллион теңгеге айыпталған еді.
«43 іс бойынша құқық бұзушыларға әкімшілік жаза ретінде айыппұл салынды. Жалпы көлемі – 2 миллион 991 мың теңге. Тауар таңбасын жиі қолданып немесе бірнеше рет бұзған жағдайда, ол қылмыстық жауапкершілікке өзгереді», — дейді Алматы қаласы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің бас маманы Еркебұлан Жетпісбаев.
Мамандардің сөзінше, соңғы уақытта танымал брендтердің атын жамылған көшірме тауарлардың көлемі тым көбейіп кеткен. Олардың арасында корей косметикасы, тіс жуатын паста мен кір жуатын ұнтақтар, кеңселік тауарлар, ойыншықтар, пластикалық терезелер, азық-түлік, көлік майы мен бөлшектері де бар. Заңгерлердің айтуынша, кейде шығу тарихы белгісіз бұл өнімдердің базардағы бағасы түпнұсқамен бірдей тұрады.
«Бұл жағдайда тауарды тәркілеу өте маңызды. Себебі сауданың барлық ақшасы әдетте сатылымдағы өнімге жұмсалады. Затын алып қойғаннан кейін сатушылар бұл жолға қайта түспеуге тырысады», — дейді заңгер Жанат Нұрмағамбетов.
Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімі өткен жылы 13 мыңға жуық тауар мен 2 мың келі өнімді тәркілеген.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz