Тірлікте іске аспаған тіл заңын банкрот деп жариялау қажет! — Қазыбек Иса

0

“Мемлекеттік тілді міндеттейтін мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға тиіспіз” деп қоғам белсендісі Қазыбек Иса өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Adyrna.kz.

Қазыбек Иса Facebook желісіндегі парақшасында тіл туралы заң қабылдау қажеттігін айтып, арнайы жазба жариялады. Ол 2020 жылы Ассамблеяда еліміздегі барлық этнос өкілдері «Мемлекеттік тілді міндеттеу керек» деп, арнайы ресми үндеу қабылдағанын айтқан. “Біз енді тағы кімді және нені күтіп отырмыз?!” деп ашынған белсенді тіл туралы заңның Кеңес империясынан еш өзгермегенін жазып, “Тіл туралы заңда” тіл саясатын жүзеге асырудың ешқандай заңдылық тетіктері айқындалмай, нақты шаралары белгіленбегенін жасырмады.

“Осы Тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш қабылданған “Тіл туралы заңда” тіл саясатын жүзеге асырудың ешқандай заңдылық тетіктері айқындалмай, нақты шаралары белгіленбеген. Ал енді одан бері 26 жылда- ширек ғасырдан астам бір дәуірде қоғам мүлде өзгерді. Қазір ұлттық санамыз мүлде басқа сатыға көтерілді. Міне, осы орайда тіл саясатын жүргізудің жаңа үлгісін жасап, жаңа Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек. Сөзіміз құрғақ болмас үшін
«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының өмірде іс жүзінде орындалмағанын нақты баптарын санап отырып, дәлелдеп берейік”,-деді.

Сондай-ақ депутат Қазыбек Иса әр бапқа жеке тоқталып, тіл мәртебесін көтеруді ұсынды.

“Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты ҚПК-нің 30-бабы, ӘҚБтК-нің 738- бабы бойынша да Қазақстанда қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу тілі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізу де мемлекеттік тілде жүргізілуі керек.
Бұл да 30 жылда орындалмаған заң. Яғни, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасы елдің үмітін жойған «жансыз», өлі заң. Сондықтан бұл «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңды саяси-қоғамдық банкрот деп жариялау қажет! Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға тиіспіз!”,-деп үндеу жасады.

фото: adyrna.kz