Тірілерді қойып, марқұмдардың мазасын алуда: Алматы облысында бұзақылар қорымға ұрлыққа түскен — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы облысының тұрғындары бейіт басына ұрлыққа түскендерді айтып, наразылықтарын білдіруде. Бұзақылар Қараой ауылындағы мазарлардағы шойын қоршаулар мен бағалы металлдан дайындалған белгілерді тонап кеткен. Тұрғындардың айтуларынша, бір аптада 15-тен астам зират қиратылыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 


Қараой ауылының маңында орналасқан молалардың жағдайын көрген ауыл тұрғындары жағаларын ұстапты. Ұятсыздар тірілерді қойып, енді марқұмдардың мазасын алуда деп налыды олар. Бұл жайтқа өзінің қайтыс болған туысының жерленген жеріне келіп, құран бағыштамақшы болған ауыл тұрғыны тап болыпты. 

«Марқұм болған жақындарым осы жерде қатарынан жерленген. Біз оларға соңғы құрмет көрсетіп, қымбат шойыннан қоршау орнатып едік. Соның бәрін ұрлап кетіпті. Мұны істеген адамдар құдайдан қорықпай ма?! Бұл не деген масқара?!» — деді Қараой ауылының тұрғыны Тели Сүлейманова.

Ауылдықтардың сөздерінше, ұрылар тек ауыр шойын қоршаулары бар зираттарды ғана, тонап кеткен. Тіпті, олар бейіттегі жарты айларды қолды қылған. Осылайша оңай олжаға әуестенгендер арам пиғылдар кеш ауған шақта орындайтын сыңайлы. Автокөлік іздері де қалыпты. Десек те бұл жағдай жақында ғана басталған дүние емес дейді ауыл тұрғындары. 

«Бұрында бір-бірден, екіден, майда-шүйдені ұрлаушы еді. Қазір көлікпен ұрлап кететін болды. 20-сы күні тұрған қоршаулар, бір аптадан соң қарасақ, жоқ», — дейді Қараой ауылының тұрғыны Қабылтай Әлембаев.

Бұл зират басында күзет жоқ екен. Марқұмдарды жерлеуге 10 гектар жер арналыпты. Қорым қоршалған көрінеді, бірақ оның қақпасын біреу бұзып кеткен. Бейнебақылау камераларын орнатуға дайынбыз деген жергілікті тұрғындар осы орынға электр бағандарының жоқ екендігін алға тартты. Қазір аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. 

«Ол бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда арнайы топ құрылып, жұмыс істеліп жатыр. Және де ауылда, көрші ауылдарда Боралдай, Ащыбұлақ, Өтеген батыр кенттерінде жаңағы қара темір қабылдайтын мекемелерді аралап, тексеріп, іс-шаралар жүргізіліп жатыр», — деді Междуреченск кенті полиция бөлімшесінің бастығы Болатхан Серікұлы.

Әзірге ұрылар да, ұрланған заттар да табылмапты. Зираттарды қайта қалпына келтіруге бекінген ауылдықтар қабір басын ұрлықшылар қайта тонайтынына күмән келтірмейді. Өз кезегінде наразы болған жұрт қорымға күзет орнатып, тонаушыларды жазалауды талап етіп отыр. 

 

stan.kz