Тірідей өртенген 52 өзбек азаматының ісіне нүкте қойылды

0

Ақтөбеде автобус өртіне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығып, сотталушылар 3,6 жыл мен 5 жылға бас бостандықтарынан айрылды. Сонымен қатар, сотталушылар бірлесіп, жәбірленушілердің әрқайсысына 2 миллион теңге моральдық шығын өтеуі тиіс, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Aktobenews.kz сайтының дерегіне сүйеніп.

«Жәбірленушілердің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап арыздары ішінара қанағаттандырылсын. Сотталғандар Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатов, Бахадүр Пердебаев, Нұрлыбек Тілепбаевтан ортақ түрде жәбірленушілердің әрқайсысына 2 миллион теңге өндірілсін. Заң бойынша моральдық шығынды өтеуге 1 ай уақыт беріледі», — деді Ырғыз аудандық сотының судьясы Серік Махамбетов. Барлығы 43 отбасыға 2 миллион теңге өндірілетін болды. Сонда 43 адам үшін 2 миллион теңгеден өндірілсе, барлығы 86 миллион теңге есептеліп отыр. Ал 5 сотталушыға бөлгенде, әрқайсысы өзбектсандықтардың отбасына 17,2 миллион теңге төлеуі тиіс.

Айта кетейік, жәбірленушілердің 10-нан астамы моральдық шығын талап етпеді. Сот үкімі оқылған соң сотталушылардың туыстары өзбекстандықтартың талап арызы бойынша әрқайсысына 2 миллион теңге тауып бере алмайтынын жеткізді.

«Біздің 7 баламыз бар, еш жерде жұмыс істемейміз. Біз өзбекстандықтардың талап арызын орындай алмаймыз. Қазір 7 баланы қалай бағамын деп ойлап отырмын. Бүгін жеңілдік жасап, босап шығарады деп ойладым»,- дейді Барат Таңатовтың жұбайы Айнұр Таңатова.

Ақтөбе

Сот зерттеуінде белгілі болғандай, автобусқа үш жүргізушіден бөлек 54 өзбек азаматы мінген. Жүргізушілер Шымкенттен салқын аязға шыдамайтын жанармай құяды. Ырғыз ауданының тұсында жанармайы қатып, қозғалтқышы істен шыққан автобус тоқтап қалды.

Жүргізушілер жанармай багын дәнекерлеуші шаммен қыздырған. Олар тергеу кезінде жеке басы анықталмаған әйелден бес литр бензин сатып алғаны анықталды. Жанармайдың 1,5 литрін дәнекерлеу шамына құйып, қалған 3,5 литрлік бензинді алып  жүргізуші Қырғызбаев автобусқа кірген.

Салон ішіне «паяльникпен» аяғын қыздырады. Сол кезде қастарына басқа автобус келіп тоқтайды. Қырғызбаев пен Таңатов дәнекерлеу отын сөндірмей, тоқтаған автобусқа қарай шығып кеткен. Автобустан бірінші шалбары жанып, жолаушы Исақов шығады. Кейін Қырғызбаев пен Таңатов автобусқа жүгіреді. Айтуларынша, құтқаруға үлгермей қалған. Жолаушы Мырзахметов пен жүргізуші Пернебеков жарақат алып, салоннан шығып үлгереді. Жүргізушілер шыңғырған дауыстар тоқтағанға дейін өртті өз еріктерімен сөндірмек болады.

Еске сала кетейік, Өзбекстан азаматтары мінген «Икарус» автобусы 18 қаңтар күні «Самара-Шымкент» бағытының 1069 шақырымында, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының тұсында өртке оранды. Өртенген автобус ішінен шыға алмаған 52 адам тірідей жанып кетіп, ажал құшқан еді. Ал автобус иесі Ордухан Мехтеев әлі күнге дейін іздеуде жүр.

«Қамшы» сілтейді