«Тіпті жалаңаш әйелдің суретінде де саясат бар»

0

Бұрышта тот басқан шелектер қойылған. Әрқайсысына түрлі деңгейде су толтырылған. Кейбіреуінде қағаз кеме жүзіп жүр. Аудиотаспадан сарылдап аққан судың дыбысы естіледі. Су шелектерге тоқтаусыз құйылып жатқандай. Бұл – Қазақстандағы заманауи өнердің танымал өкілдерінің бірі Арыстанбек Шалбаевтың «Соңғы тамшы» деп аталатын инсталляциясы.

Мұндағы автордың ойы айтпаса да түсінікті. Инсталляция шыдамның да шегі бар екенін көрсетеді. Қағаз кеме – жұртты алдап жүрген үміт.

— Шелектердің үстіндегі жанып-өшіп тұрған шам – тозығы жеткеннің белгісі. Шелектердің бұрышта тұруы тығырықты білдіреді. Қабырғадағы айна шексіздік иллюзиясын туғызады, – деді Арыстанбек Шалбаевтың «Мөр» деген көрмесі өтіп жатқан Esentai Gallery-дің арт-менеджері.

"Соңғы тамшы" инсталляциясы.

«Соңғы тамшы» инсталляциясы.

— Егер шелектер суға толы болса, онда бұл композиция «Шегіне жету» деп аталар еді. Яғни, халықтың шыдамы таусылды, енді жарылуы мүмкін деген сөз, – деп түсіндіреді Арыстанбек Шалбаев.

Көрмеге қойылған бірнеше мөрдің әрқайсысында жарты ай, крест, @ белгісі, STOP сөзі, гүл тәрізді өз таңбасы бар.

Көрмеге қойылған бірнеше мөрдің әрқайсысында жарты ай, крест, @ белгісі, STOP сөзі, гүл тәрізді өз таңбасы бар.

Суретші «Трансавангард» деген арт-топтың ізімен өзін «трансавангардшымын» деп атайды. Шығармашылық идеяларды ерекше жеткізуімен әйгілі «Қызыл трактор» да осы топтан шыққаны белгілі. Суретші «Қызыл трактор» тобындағы серіктерімен бірге ұжымдық көрмеге де қатысады, ара-тұра жеке көрмелерін ұйымдастырады.

Арыстанбек Шалбаев «Қызыл трактормен» шығармашылық байланысын әлі үзген жоқ (түрлі себептермен топ қатары сиреп қалған). Бұл арт-топтың қос ардагері – Смайыл Баялиев пен Виталий Симаков өнердегі әріптесін құттықтау үшін көрменің ашылуына келді. Ал «Қызыл трактордың» ең жас өкілі Сырлыбек Бекботаев көрмені галереяға қоюға көмектесті.

"Қызыл трактор" тобының мүшелері Виталий Симаков (сол жақта) пен Смайыл Баялиев Арыстанбек Шалбаевты (оң жақта) көрмесінің ашылуымен құттықтап тұр.

«Қызыл трактор» тобының мүшелері Виталий Симаков (сол жақта) пен Смайыл Баялиев Арыстанбек Шалбаевты (оң жақта) көрмесінің ашылуымен құттықтап тұр.

АУА МЕН СУ

Қызыл және көк түсті екі шар. Бір жағы көк, бір жағы қызыл және бір шар бар. Бұл екі жұмыс «Түстің түрленуі» деген композицияны біріктіреді. Суретші бұрыннан революциялық наразылық түсі саналатын қызыл түстің орнын Қазақстан билігін сынап жүрген адамдар таңдаған көк түс алмастырғанын айтқысы келген.

"Түстің түрленуі" инсталляциясы.

«Түстің түрленуі» инсталляциясы.

«Су» картинасы қазақ тілінде латын қарпімен жазылған екі әріптен тұрады, оның бетімен жаңбыр суы ағып жатыр. Мұнда автор кирилл қарпінен латынға ауысу кезіндегі мәдени дәстүрдің ауысуын айтқысы келсе керек.

Азаттық тілшісі Арыстанбек Шалбаевтан жаңа көрмесі, ондағы жұмыстары туралы айтып беруді сұрады.

— Бұл көрмеде тек Қазақстан туралы ғана айтылмайды. Ауқымдырақ мәселелерді қамтысам деймін. Ескегі бар қайық бейнеленген «Жауын» атты мына инсталляцияда Сирия мәселесіне халық назарын аударуға тырыстым. Бұл – атамекенінен Еуропаға қарай жүзіп бара жатқан қайық.

"Жауын" инсталляциясы.

«Жауын» инсталляциясы.

Арыстанбек Шалбаевтың айтуынша, «Жауын» жұмысының басқа да түсіндірмелері бар.

— Бір елден екінші елге көшетін адам көп. Бұл – материалдық мәселе. Адамдарды көшіп-қонуға мәжбүрлейтін де – осы. Жұрт жақсы ақша табу үшін Ресейден Қазақстанға, Қазақстаннан – Ресейге, әйтеуір әрі-бері көшіп-қонып жүреді.

Бұл инсталляциядағы жаңбыр жануарлардың жалпақ сүйектері жалғанған таяқтар түрінде көрсетілген. Мұндай «жаңбыр тамшылары» адамның жанын түршіктіреді.

Қабырғада кір жууға арналған, үш мырыш шылапшын ілулі тұр. Олардың астына ағаш таяқтар қойлыған. Таяқтардың бірі иінағаш тәрізді майысқан. Бұл – «Кір жуу» деген инсталляция.

"Кір жуу" инсталляциясы.

«Кір жуу» инсталляциясы.

— Бұл – әр көрерменді өзін тазарту туралы ойлануға жетелейтін абстрактілі инсталляция. Болашағы қандай болары әр адамның өзіне байланысты. Болашақта не болатыны жайлы қазір байыппен, мұқият ойлану керек. Миыңды, тәніңді және ойыңды қазір тазалап, «жуу» керек, адамның ой-санасы дұрыс болуы қажет. Жастардың болашақта қандай болатыны осыған байланысты. Алдағы 20, 30 жылдан кейін не болатыны әр адамның өзіне байланысты, — деп түсіндіреді автор.

ИНЬ МЕН ЯНЬ

Көрменің ашылуына келген жұртты, әсіресе жастарды екі жағынан түрлі заттар бекітіліп тұрған стенд қатты қызықтырды. Бір жағында – шарғы жіптер мен ағаш таяқ, ал екінші жағында – түрлі ишараларды бейнелейтін гипстен жасалған қолдар бар. Әсіресе гипс қолдар жағына жұрт көп барды, көрмеге келгендер соның қасына тұрып суретке түсумен болды. Көбі гипс қол көрсетіп тұрған ишараны қайталауға тырысып жатты.

Арыстанбек Шалбаевтың сөзінше, осы жұмыс арқылы ол шығыстың «инь» және «янь» философиясын түсіндіруге тырысқан:

Гипстен жасалған "Инь мен Янь" инсталляциясы жанында суретке түскендер көп болды.

Гипстен жасалған «Инь мен Янь» инсталляциясы жанында суретке түскендер көп болды.

— Әр адамның өз ұстанымы бар. Біреу оны дін арқылы, енді бірі спорт, я рэкет арқылы шығарады. Бұл жұмыс әр адамды немен өмір сүріп жүргенін ойлануға жетелейді. Гипс мүсіндер – ерлерге тән күшті білдіреді. Ал, арғы жағына қарасаңыз, қарапайым да сабырлы әйел табиғатын байқайсыз. Қысқаша айтсақ, «инь» мен «янь» деген – осы.

Арыстанбек Шалбаевтың айтуынша, бұл инсталляция да қоғамда болып жатқан құбылыстармен байланысты.

— Ұрандар көтеріліп, әлеуметтік толқулар болып жатыр. Көп балалы отбасылар шығып жатыр. Әр жұмысымда бұл туралы жанама түрде болса да айтуға тырысамын, — дейді суретші.

АВТОРДЫҢ ОЙЫ МЕН КӨРЕРМЕННІҢ ҚАБЫЛДАУЫ

Арыстанбек Шалбаев өз жұмыстары арқылы айтпақ болған ойын көрерменге таңбайды. Керісінше, ол әр көрерменнің өзінше ойланғанын қалайды. Автор мен көрерменнің түсінігі әртүрлі болып жатса, мұнда тұрған ештеңе жоқ.

«Мөрдің» ашылуы кезінде келген жұрт туындыдан автордың айтпақ ойынан басқа нәрселерді көріп жатты.

Көрмедегі "Sy" картинасы (оң жақта).

Көрмедегі «Sy» картинасы (оң жақта).

Мәселен, өзара сыммен матасқан тік қапсырмалардан құралған «Колонна» деп аталатын туындыдан көрмеге келген Екатерина есімді көрермен үлкен бір қарсылықты байқаған. Қандай қарсылық екенін сұрағанымызда ол «Біріншіден, форманың өзі – жабық, екіншіден, мұнда үшкір нәрселер көп» деп түсіндірді.

Ал Жанар есімді қыз:

— Қапсырмалардан жасалған колоннаны көріп тұрмыз, олар өз мақсатына пайдаланылып тұрған жоқ. Қатты, үшкір қапсырмалар, — дейді.

Қапсырма темірлерден жасалған "Колонна" инсталляциясы.

Қапсырма темірлерден жасалған «Колонна» инсталляциясы.

Ал негізі суретші 19 ғасырда әйгілі Козьма Прутковтың «Түбіріне үңіл» деген сөзін айтқысы келген.

— Бұл – салынып бітпеген колонна. Қапсырма – біздің қоғамның өзегі. Біз ең алдымен фактурасына қарап, содан кейін колонна туралы ойлаймыз. Адамның ішкі өзегі бізді онша қызықтырмайды. Әр адамның сыртқы бейнесі, фактурасынан гөрі бізді оның тұлғалығы, ішкі өзегі көбірек қызықтыруы керек, — дейді ол.

ӨНЕР ЖӘНЕ САЯСАТ

Арыстанбек Шалбаевтан Қазақстандағы наразылық шаралары жайлы пікірін де сұрадық.

— Мен үшін бұл – жаңалық емес. Мұны ішімнен салып жүрмін. Мұның бәрі болуы керек, бұларды мен дұрыс қабылдаймын. Болашақта да солай болады. Бұл нәрселерді қолдайтын күштер де, қолдамайтын күштер де көп. Сондықтан мұның бәрін дұрыс қабылдау керек. Мұның соңы да алыс емес.

"Мөр" инсталляциясы.

«Мөр» инсталляциясы.

Суретшінің пікірінше, ұрандатып, шар алып көшеге шығу міндетті емес. Осы көрме сияқты салмақты түрде, бірақ күшті әрі батыл формада ойыңды білдіруге болады дейді Арыстанбек Шалбаев.

«Өнер өмірді өзгертуге ықпал ете ала ма?» деген сұраққа ол:

— Әрине! Пейзаж бен натюрморт адамды өзгерте ала ма? Өзгертеді, егер әр көрермен одан бір нәрсе табатын болса. Бірақ заманауи өнер бізде не болып жатқаны, не істеуіміз керектігі және нені өзгертуіміз қажеттігі туралы нақтырақ айтады. Өнер үнемі саясаттың ортасында. Тіпті жалаңаш әйелдің суреті саясаттан тыс бола алмайды. Әр жұмыстың саясатқа қатысы бар. Тіпті балет те, рок-музыка да саясатқа қатысты. Менің жұмыстарым көбірек адамға әсер еткенін қалаймын. Ештеңеге үндемеймін, тек қалай өмір сүру керектігін, шын мәнісінде қалай болуы қажет екенін айтамын.

Azattyq