«Тіпті өзіме де сенбеймін»: TikTok желісіндегі қауіпті тренд қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсті (видео)
TikTok желісінде көпшілікті алаңдатарлық қауіпті тенденция пайда болды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде тараған видеода «Сіз жаныңыздағы ер адамыңызға қаншалықты сенесіз?» деген жазба бар. Кадрлардан қыздың жолдың қақ ортасында, жүріп келе жатқан көлікке қарама-қарсы тұрғанын байқауға болады. Тренд бойынша көліктегі адам алдында тұрған қызға немесе жігітке жетуге бірнеше сантиметр қалғанда тоқтауы керек. Трендтің мәні – көлікті қыздың алдында тура уақытында, нақты жерде тоқтата алатын жүргізушінің кәсібилігін тексеру.
Видеолар жүздеген қаралым мен лүпіл жинаған. Бұл тренд басқа желі қолданушыларын осы әрекетті қайталауға шақырады. Видеодағы қыздар сабырлы көрінеді. Ал желі қолданушылары олардың батылдығы мен жүргізушілердің шеберлігіне тәнті болып, түрлі пікірлерін қалдырып жатыр. Алайда бұл трендтің астарында үлкен қауіп бар.
«Егер тежегіштер жұмыс істемей қалса, не болатынын елестетіп көріңізші», «Мен бұл тенденцияны қауіпті деп санаймын және ешқашан жасамаймын», «Мен тіпті өзіме де сенбеймін», «Мұны қайталамаңыздар», – деді пікір білдірушілер.
Мамандар мұндай видеороликтердің адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін айтты. Жүргізушінің болмашы қатеcі немесе жол жағдайының кенет өзгеруі өлімге әкелуі мүмкін дейді.