Тимур Сүлейменов Ұлттық банк төрағасының орынбасары болып тағайындалды
Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Ұлттық банк төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл ақпаратты сенбі, 2 наурызда Ақорда Twitter-дегі парақшасында хабарлады. Президент бұйрығымен Алпысбай Ахметов Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметінен босаған.
40 жастағы Тимур Сүлейменов әр жылдары экономика және бюджетті жоспарлау, экономикалық даму және сауда министрлігінде қызмет атқарған. Мәскеудегі Еуразия экономикалық комиссиясында экономика және қаржы саясаты бойынша министр болған.
Осы аптада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағалығына Ерболат Досаевты тағайындап, банкті оған дейін басқарып келген Данияр Ақышевті отставкаға жіберген. Ақышев кейінірек президент кеңесшісі болып тағайындалды.
21 ақпанда президент Нұрсұлтан Назарбаев «халықтың әл-ауқатын жақсарта алмағаны» үшін және «ел экономикасын сапалы деңгейге көтере алмағаны» үшін үкімет пен Ұлттық банк жұмысын сынап, отставкаға жіберген. Сарапшылар пікірінше, республиканың түрлі аймағын қамтыған көп балалы аналар наразылығы биліктің ауыс-түйісіне әсер еткен.