Тимур Сүлейменов: «Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаймыз», «әр нәрсені өз атымен атаймыз»

0

Қазақстан өкілі алғаш рет Украинадағы соғысқа, Ресейге салынған санкцияға қатысты ашық ұстанымын білдірді. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов еуропалық ақпарат желісі – Euractiv сайтына берген сұхбатында «Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын», соғысты соғыс деп атайтынын және санкция салынған тауарлардың Ресейге өтіп кетпеуіне бар күшін салатынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz сайты azattyq порталына сілтеме жасап.

Брюссельде сұхбат берген Сүлейменов Еуропаға сапарының мақсаты – «Қазақстан Ресейге АҚШ пен ЕО салған санкцияларды айналып өтудің құралы болмайтынын еуропалық әріптестерімізге дәлелдеу» екенін айтты.

«Біз Ресеймен сауданы тоқтатпаймыз, Ресейге инвестиция да саламыз, Ресейден инвестиция да тартамыз: біздің экономика үшін мұны басқаша жасаудың жолы жоқ. Бірақ біз санкция салынған тауарларды бақылауға бар күшімізді саламыз. Санкция салынған тұлғалар мен мекемелер Қазақстанға инвестиция салмауын бақылауға бар күшімізді саламыз» деді Тимур Сүлейменов.

Ресей Украинадағы соғысты «әскери операция» деп атайды, оны «соғыс» деп атағандарды қатаң жазалайды. Осыған дейін Қазақстанның ресми органдары бұл операцияға ашық баға бермей келген еді. Журналистің осы туралы сауалына жауап берген Сүлейменов «Әр нәрсені өз атымен атауда еш проблема жоқ. Ресей «соғыс» сөзіне тыйым салатын заң шығаруды ұсынды. Олар оны «арнайы әскери операция» дейді. Бірақ Қазақстанда біз оны өз атымен атаймыз» деді Сүлейменов.

Украинада соғыс басталғалы БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейдің әрекетін айыптайтын екі бірдей қарар қабылдап, екеуінде де Қазақстан қалыс қалған. Осы туралы сауалға жауап берген Сүлейменов: «Ресей өз жағында болғанымызды қалайды. Бірақ Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейді. Біз Қырымдағы жағдайды (Украина құрамындағы Қырымның Ресей құрамына қосылуын – Ред.) да, Донбастағы жағдайды (Украинаның «ЛХР» және «ДХР» деген сепаратистік аймақтарының тәуелсіздігін – Ред.) да мойындаған жоқпыз, мойындамаймыз да, себебі оларды БҰҰ мойындаған жоқ. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде қабылданған шешімдерді ғана құрметтейміз» деп мәлімдеді.

Ресейге салынған санкциялар кесірінен Қазақстанның экспорт мүмкіндігі шектеліп қалғанына қынжылыс білдірген Сүлейменов Ресейді айналып өтетін бағыттарға басымдық беріп, «экспорт жолдарын әртараптандыру қажет» екенін айтты.

Бұған қоса, шенеунік Қазақстанды санкция салынған Ресей және Беларусь елдерімен бірге қарастырмауға шақырды.

«Өзімізді [олармен бір] себетке салғанын қаламаймыз және бұған бас тікпейміз. Сондықтан біз Еуропа одағы елдерімен және тегіс Еуроодақпен арадағы ынтымақтастықты арттырғымыз келеді. Біз – Орталық Азиядағы ең батысшыл елміз, ортақ құндылықтарымыз көп, себебі Қазақстанның 300 мың шаршы километр жері Еуропада жатыр. Қазақстанның ол бөлігі Еуроодақ елдерінің біразының аумағынан үлкен» деді Тимур Сүлейменов.

24 ақпанда Ресей «денацификация» және «демилитаризация» жүргіземіз деген желеумен көршілес Украинаға қарсы соғыс бастаған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 наурызда бұл жөнінде пікір білдіріп, екі жақты «бейбітшілікке» шақырған: «Екі мемлекетті келіссөз үстелі басында тіл табысып, келісімге келіп, ымыраласуға шақырамыз. Басқа жол жоқ. Жақсы ұрыстан жаман бейбітшілік жақсы. Бейбітшілік болмаса даму болмайды».

Мұның алдында Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «ЛХР» мен «ДХР-ды» мойындау мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ, яғни біз халықаралық құқық негіздеріне, БҰҰ жарғысының басты принциптеріне сүйенеміз» деген және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) аясында Украинадағы соғысқа Қазақстан әскерін жіберу мүмкін емес екенін айтқан.

Ресми Нұр-Сұлтан Ресейдің Украинадағы соғысына қатысты бұдан басқа ашық ұстанымын білдірмей келген.

Тимур Сүлейменовтың сұхбаты Euractiv сайтында 29 наурызда жарық көрді. Бірақ Қазақстанның ақпарат құралдары ол туралы бірнеше күн ештеңе жазбады. Сұхбат туралы жаңалық Қазақстанның ақпарат кеңістігінде тек 1 сәуірде тарала бастады.