Тимур Бекмамбетов Анджелина Джоли мен қазақ актерлері жайлы. Ләйлә Сұлтанқызымен «The Эфир» — Кино

0

Белгілі режиссер Тимур Бекмамбетов Ләйлә Сұлтанқызы жүргізетін «The Эфир» жобасының жаңа қонағы болды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Режиссер сұхбатында Жаңа жылға қарсы 10 жыл бойы түсіріліп келе жатқан «Елки» фильмі жайлы және осы аттас арнаның ашылғаны жайлы айтты. 

Сонымен қатар, өз кезінде америкалық блокбастер «Стражи галактики» фильмінің авторларымен картинадағы болашақтың сахналарын Астанада түсіру туралы әңгіме болғанын, алайда неге ақырында басқа елде түсірілгені жайлы әңгімелейді. 

Бұдан бөлек, Бекмамбетов мәнерлеп сырғанаудан Олимпиаданың қола жүлдегері, марқұм Денис Тен жазған сценарий бойынша фильм түсіруді жоспарлап отырғанын айтты. «Жазда қайғылы оқиға болмай тұрып, Мәскеуде кездесіп, фильмін талқылағанбыз. Ол өзінің идеясын таныстырған. Біз жобаны қабылдап, түсіретін болып шешкенбіз. Амал не, өзі арамызда жоқ. Бірақ фильм түсіріледі. Оның анасы қор ашты. Сол қормен біз жұмысты жалғастырамыз», — дейді маман.

Сұхбат барысында Бекмамбетов Қазақстанда фильм түсіруден неге қорқатынын түсіндіреді. «Мен бірнеше жылдан бері Қазақстанда кино түсіруге тырыстым, болмады. Қазір тырыспаймын да… Қайтсем де реті келмеді. Себеп әртүрлі. Неге екенін білмеймін. Бір жағынан менде қорқыныш бар. Себебі жауапкершілігі ауыр. Маған Америкада, Қытайда, Ресейде сәтсіздікке ұшырау қорқынышты емес. Ал Қазақстанда бұл жағымсыз сезім болушы еді…», — дейді Тимур Бекмамбетов.

Бұған дейін Ләйлә Сұлтанқызымен «The Эфир» жобасында әншілер Әбдіжаппар ӘлқожаАртур мен Райым, театр және кино актері Дәурен Серғазин, танымал әнші Қарақат Әбілдина, қазақстандық вайнер Серғазы Тоқтарбек, әнші Мейрамбек Бесбаев, актер Шәріп Серік, әнші Айқын Төлепберген, Нобель сыйлығын жеңіп алған үш әйелдің бірі Тавакул Карман, Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова, Арменияның бірінші ханымы Нунэ Саркисян, білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қонақ болған еді.

Айта кетсек, бұл жобаның мақсаты — танымал тұлғаларды жаңа қырынан көрсету, олар туралы жаңа мәліметтерді оқырманға ұсыну.

YouTube-арнамызға жазылуды ұмытпаңыздар.
Ләйлә Сұлтанқызы FacebookInstagram және Telegram желісінде.


Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz