Time журналы батыл журналистерді «Жыл адамы» деп атады

0

Америкалық Time журналы «Жыл адамы» атағына лайықты журналистерді атады. Олардың бірі – колумнист, «Washington Post» басылымының тілшісі Жамал Хашогги.

Үздіктер қатарында филиппиндік оппозициялық портал редакторы Мария Ресса, Мьянмадағы рохинджа мұсылмандарына қатысты зорлық-зомбылықты тергегені үшін сотталған «Reutеrs» агенттігінің журналистері Ва Лон және Кья Со, сондай-ақ қарулы қақтығыстан ақаз тапқан американдық «Capital Gazette» редакциясының ұжымы кірді. Time осы аталған тілшілерді «Әлем сақшылары» деп атады. Басылым порталында «олар ешбір қауіп-қатерге қарамастан, әділдік іздегені, нақты фактілерді тапқаны үшін және мамандығына адал болып, батылдық танытқаны үшін жыл адамы болуға лайықты» делінген.

Жақында жарияланған «Жыл адамы» атағынан үміткерлер тізімінде АҚШ президенті Дональд Трамп, АҚШ-тың арнайы прокуроры Роберт Мюллер, Ресей президенті Владимир Путин, Британия ханзадасы Гарри мен герцогиня Меган болған.

«Әлем сақшылары»

  • Сауд Арабиялық тілші, «Washington Post» газетінің шолушысы Мұхамед Жамал Хашогги өзінің сыни зерттеу, мақалаларымен танылған. 2 қазанда ол Ыстамбұлдағы Сауд Арабиясы консулдығына барған соң, ізім-ғайым жоғалып кетті. Бастапқыда саудиялық билік журналистің өлімі фактісін жоққа шығарды, алайда 20 қазанда елдің Бас прокуратурасы Хашоггидің төбелес кезінде қаза болғанын хабарлады. Бірнеше күннен кейін Хашоггидің қасақана өлтірілгені анықталды.

Саудиялық журналист Жамал Хашогги. Фото: www.bbc.com

Жақында Түркия президентінің әкімшілігінің жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Фахреттин Алтун Ыстамбұлдағы Сауд Арабиясының Бас консулы Мохаммед Алотаиби журналистің қазасына тікелей қатысты деп мәлімдеді.

  • Филиппиндегі оппозициялық портал редакторы Мария Ресса бұрын CNN телеарнасында жұмыс істеген. 2012 жылы ол Филиппин президенті Родриго Дутертенің әділетсіздігін әшкерелеуге арналған сыни мақалалардан тұратын танымал «Rappler» жаңалықтар порталын ашты.

    Фото: cnn.com

  • Ва Лон мен Кья – Мьянмадағы жағдайларды зерттеумен айналысқан «Reutеrs» агенттігінің тілшілері. Қыркүйекте Мьянма соты қос тілшіге рохинджа мұсылмандары туралы материалдармен жұмыс істеу кезінде мемлекеттік құпия туралы заңды бұзғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

    Фото: cnn.com

  • Мэриленд штатындағы «Capital Gazette» газетінің төрт журналисі қарулы ер адамның шабуылынан қаза тапты. Кейіннен шабуыл жасаған адамның бұрын газетке қарсы сотта жеңіліс тапқаны үшін тілшілерді әдейі өлтіргені анықталды.

    Фото: cnn.com

Time мақаласында «Сақшылар» және «Шындық үшін соғыс» деген атпен биліктің қудалауы немесе шабуылдар нәтижесінде зардап шеккен басқа да журналистер айтылады. Олардың арасында өткен жылы қазанда пышақпен қаруланған ер адам шабуылынан зардап шеккен «Эха Москвы» бас редакторының орынбасары Татьяна Фельгенгауэр бар. Ресейлік БАҚ оны АҚШ мүддесі үшін жұмыс істеді деп айыптағаннан кейін қастандық жасалған. Time сондай-ақ, Киевтегі «Новая газета» басылымының бұрынғы журналисі Аркадия Бабченконы да атады. Мамырда ол Украина қауіпсіздік қызметінің арнайы операциясына қатысты. Украина қауіпсіздік қызметі мен Бабченконың өзі бұл қастандықты ресейлік биліктің қатысуымен ұйымдастырылған деп мәлімдеді.

Time: Өткенге шолу

Былтыр «Жыл адамы» ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың немесе әлеуметтік теңсіздіктің құрбандары болған әйелдер танылды. #MeToo хэштегімен өткізілген акция ғаламтор арқылы үлкен танымалдыққа ие болды.

Журналдың дәстүрге айналған құрметті атағы алғаш рет 1927 жылы берілді және бастапқыда «Жылдың үздік ер адамы» деп аталды. Ал 2011 жылы журнал Араб көктемінің әлем үшін мәнін атап өтіп, осы көтеріліске шықандарды «Жыл адамы» деп жариялады.

«The Qazaq Times»