Тілшілер жұмысына кедергіні кім ұйымдастырды?

0

22 наурыз күні Нұр-Сұлтан (бұрынғы Астана) қаласындағы «Шапағат» сауда үйінің алдында және Алматыда Гоголь мен Панфилов көшелері қиылыстарында ондаған азаматты полиция ұстаған еді. Оларды ұстау сәтінен Азаттық тілшілері тікелей эфир жүргізген.

Наурыз мерекесіндегі наразылық (22.03.2019 жыл).

Бұл оқиғадан біршама уақыт бұрын Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының шетелдегі жетекшісі Мұхтар Әблязов азаматтарды 22 наурызда жаппай көшеге шығуға шақырған. Полиция ұстаған азаматтар талаптарын толық айтып үлгермеді. Кейбірі полиция әкеткенге дейін Астана атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне қарсылық плакатын көтеріп үлгерсе, енді бірі қамалған автобус терезесінен Назарбаевқа қарсылық ұранын білдірді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының «Настоящее время» жобасының тілшісі Светлана Глушкованы осы шара кезінде полиция бөлімшеге күштеп алып кетті. Бұған әлдебір адамның журналист үстінен шағым жазуы себеп болған.

Азаттық тілшілерінің қос қаладағы тікелей эфиріне белгісіз адамдар топтасып, өте белсенді түрде кедергі жасап, камераның бетін жауып, тікелей эфир жүргізуіне мүмкіндік бермеді.

Белгісіз топтың тілшілерге кедергі жасауы (22 наурыз 2019 жыл).

Журналистер жұмысына мақсатты түрде кедергі жасаудың заңдық салдары мен соңғы кезде жиілей бастаған тәуелсіз баспасөзге, тәуелсіз тілшілерге қысым туралы «Әділ сөз» ұйымының сарапшысы Ғалия Әженовамен талқылау өтеді.

Азаттықтың тікелей эфиріне сұрақтарыңызды әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы жолдауға болады.

Azattyq