Тілімізді жоғалтып жатырмыз деген әңгімені тоқтату керек – Абаев
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев тіліміз бен ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып жатырмыз деген әңгімені тоқтату керек екенін айтты.
Шымкентте министрге мемлекеттік тілді дамыту туралы сұрақ қойды. «Біз, қазақтар, азбыз. 30 жыл өтті, неге қазақ тілінен әлі күнге дейін ақсап жүрміз?» деп сұрады министрден.
– Біз бір сағат бойы қазақша сөйлестік. Мен өзімнің баяндамамды толығымен қазақша оқыдым және бір сағатқа жуық сіздердің сұрақтарыңызға жауап бердім. Әлемде 6 мың тілде сөйлейді және қазақ тілі дамуы бойынша үздік 50-ге кіреді. Бұл әртүрлі зерттеулердің нәтижелері. Сондықтан тіліміз бен ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып жатырмыз деген әңгімені тоқтату керек, – деді министр.