«Тілді тегін үйретеді». Испанияға көшкен қазақстандықтың хикаясы
ШЕТЕЛГЕ ҚОНЫС АУДАРУ
2018 жылы Мария Ковалева отбасымен бірге Қазақстаннан Валенсияға қоныс аударған. Қазір балалар футболы саласында жұмыс істейтін Марияның екі қызы бар. Күйеуі мұнай өндірісі саласындағы жұмысынан әлемдегі ең ірі сауда алаңдарының бірі Amazon компаниясына IT маманы болып жұмысқа орналасқан. Мария Оралдан алыстағы Испанияға көшу туралы түпкілікті шешімді кездейсоқ, шай үстінде қабылдағанын айтады.
— Ол кезде тұңғыш баламды босанған соң демалыста едім. Жақында жұмысқа шығамын деп дайындалып жүргем. Бұл ойымды күйеуіме айтқанда, ол басқа елге қоныс аударуды ұсынды. Бір жарым айдан кейін Оралдан Испанияға көштік, — дейді Мария.
Мария декреттік демалысқа шыққанға дейін жергілікті «Уральская неделя» тәуелсіз басылымында тілші болып жұмыс істеген. Басылымға жазған бір мақаласынан кейін қоқан-лоқы мен қудалауға тап болған.
— Бірде пойызда (Украинаның) Донецк облысындағы қарулы жанжал аймағында соғысып жүрген Ресей армиясының жауынгерімен кездейсоқ танысып қалдым. Өз сөзінше, ол соғыста жараланып, Оралдағы ауруханада емделіпті. Емделгеннен кейін Ресей арқылы Украинаға бара жатыр екен. Сол кісі жараланған жауынгерлер емделу үшін Оралға арнайы келетінін, өйткені мұндағы дәрігерлер «артық сұрақ қоймай, өз ісін жақсы атқаратынын» айтты. Ол жүрек тұсына жарықшақ тиіп жараланған өзін оралдық хирург ажалдан алып қалғанын айтты. Ресейде жауынгерлер мұндай ем қабылдай алмайды – оларға бірден полиция назар аударады. Сондықтан олар көрші Қазақстанға келеді екен. Мен бұл туралы «Уральская неделя» сайтына шағын мақала жарияладым. Журналистиканың барлық талабына сай, екінші тарап — жергілікті ауруханалардың да жауап беру құқығын сақтадым. Шынайы болғанына қарамастан, кейін осы мақала үстімнен қылмыстық іс қозғауға себеп болды, — дейді Мария Ковалева.
Марияның сөзінше, оның үстінен «жалған ақпарат тарату» және «ар-намысқи тиетін мәлімет тарату» деген екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сұхбаттасымыздың сөзінше, сол сәтте оның өмірі «тергеуге дейінгі» және «одан кейінгі» екі кезеңге бөлінген. Оны ішкі істер департаментіне түсіндірме, куәліктер жазуға, кейде еш себепсіз шақырып алып, кез-келген уақытта телефон шалып, жұмысы мен болашағы жайлы емеурінмен сөйлеп, журналист тұратын үйдің төңірегін торуылдап, кейде полиция қызметкерлерінің жеке меншік көліктеріне отырғызып, маза бермеген. Осының бәрі аяғы ауыр Марияға оңай тимеген.
Бала дүниеге келіп, өз бетімен жүре бастаған кезде ғана қуғындау доғарылды дейді Мария. Сот шешімі бойынша ол айыпты деп саналған, бірақ полиция өкілдері үнемі қайталай беретін түрме жазасын кеспеген, талап арыз иесі сұраған үш миллион теңге айыппұл да салмаған.
Мария ұзаққа созылған күйзеліс денсаулығына әсер етіп, толықтай емделуге екі жыл уақыт кеткенін айтады.
— Декреттік демалыста отырып, қайта күш жинай бастадым. Қайта жұмысқа шыққым келді. Әрі моральдық тұрғыдан да есейдім деуге болады. Журналистикаға ораламын деп шештім. Бірақ бұл ойымды күйеуіме айтқанда, ол елден кетуді ұсынды. Сол күні кешке үстел басында үндемей шай ішіп, бәрін шештік, бір жарым айдан кейін көшіп кеттік, — дейді Мария.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ
Шетелге көшуді ұйғарған Мария мен күйеуі Испанияны бірден таңдамаған. Қай елге табан тіреу жайлы кеңескен кезде басқа елдердің арасында Америка да аталған. Бірақ Испанияның өмір салты Марияның отбасына әлдеқайда тыныш көрінген.
— АҚШ-қа көшу туралы да ойланып көрдік. Бірақ ол жаққа тәулік бойы тыным көрмей 24/7 режимінде жұмыс істейтіндер барады. Ал біз жұмыс үшін өмір сүреміз деп емес, өмір сүру үшін жұмыс істейміз деп шешіп, сондай өмір кешу үшін көшкіміз келді, — дейді Мария.
Марияның күйеуі Қазақстанның батыс өңірінде жалақысы жоғары саналатын мұнай саласында 15 жыл бойы жұмыс істеген. Бірақ, Марияның сөзінше, ол жұмыстың да олқылығы болған. Ең бастысы — теңге бағамының төмендеуіне байланысты жалақы өсудің орнына кеми берген.
— Күйеуім бұл салада 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеді, кәсіби тұрғыдан қажу басталды. Оның үстіне, компания саясаты шетелдік жұмысшыларға жалақыны доллармен, ал жергілікті жұмысшыларға теңгемен төлейтін. Сондықтан әр девальвация бізге қатты білінді. Біз саяхатқа, қайсыбір шетелдік затты сатып алуға жұмсайтын ақшаны үнемі қысқартып отыруға мәжбүр болдық, — дейді Мария.
Марияның күйеуі басқа жұмыс орнын іздеп, түрлі компанияларға резюме жіберген. Кезекті онлайн-сұхбаттан соң ол Amazon компаниясына IT-маман болып жұмысқа тұрған.
Мария Испанияны Қазақстанмен салыстырып, көшуге қолайлы жағдай жайлы айтқанда, мемлекеттік тіл мәселесін де қозғады.
— Тағы бір маңызды себеп – қоғамға сіңісу мүмкіндігі. Испания мысалын қараңызшы: біз тұратын Валенсия қаласында шетелдіктерге тілді тегін үйрететін 20 ресми мектеп бар, ал болмашы ақы алатындарын қосқанда тіпті көп. Яғни, қалаға келген шетел азаматы курсқа жазылып, тіл үйреніп, бір жылдан соң қоғамның толымды мүшесіне айналады. Қазақстанда қазақ тілін үйрену аса қымбатқа түседі. Тегін қазақ тілі курстарын іздегенімде, драма театры жанындағы айына бір рет бір сағатқа жиналатын үйірмені ғана таптым. Бұлайша тілді меңгере алмайтынымды түсініп, ақылы курсқа бардым. Бағасы 25 мың теңге деді. Ол кезде 60 мың теңге жалақы алатынмын. Қазақстан азаматы болғаныма қарамастан, қазақ тілін үйренуге жалақымның жартысын жұмсауым керек екен. Әрине, қазір жағдай өзгерген шығар, — дейді Мария.
ҚҰЖАТ РӘСІМДЕУ МЕН ПӘТЕР ЖАЛДАУ
Мария Ковалеваның отбасы Қазақстаннан көшу үшін эмиграцияға қажет құжаттарды рәсімдеу барысында қиындықтарға тап болған.
— Мәселе барлық анықтаманы жинауда емес, біздегі мемлекеттік органдардың қағаз толтыру кезінде көп қате жіберуінде болды. Мысалы, СЭС анықтаманы бірнеше рет жасады: біресе атымды, енді бірде тегімді қате жазады, болмаса жеке куәлік нөмірін дұрыс көрсетпейді. Халыққа қызмет көрсету орталығында да қиындыққа кезіктік. Өліп-талып барлық қағазды жинап, Астанаға елшілікке ұштық, бірақ құжаттарды бәрібір қабылдамады: дұрыс толтырылмаған, бұл апостиль дұрыс емес, мында әртүрлі сан жазылған, т.с.с. Осының бәрін қайта-қайта реттеуге көп уақытымызбен бірге қыруар ақша жұмсадық, — дейді ол.
Отбасы «құжат-қағаз қиындығын» Испанияда да көрген. Мысалы, үйді жалға алу үшін, көп анықтама жинап, «окупас» емес екеніңді дәлелдеуің керек.
— Испанияда жұмыс істеу туралы келісімшарты немесе заңдастырылған ақшасы жоқ шетелдік азаматқа пәтер жалдау мүмкін емес. Испанияда «окупас» деген феномен бар. Адам пәтер жалдап немесе иесіз бір үйге заңсыз қоныстанса, оны ол жерден күштеп шығаруға болмайды. Сондықтан жергілікті азаматтар алда кездесуі ықтимал қиындықтардың алдын алып, үйді жалға бермес бұрын барлық құжатты тексеріп, пәтер ақысының уақытылы төленетініне көз жеткізуге тырысады. Бұл үшін жұмыспен келісімшартты, ақша мен жергілікті банктегі есепшотты көрсету керек. Жаңадан көшіп келген шетелдіктерде мұның біреуі де болмайды.
Оның үстіне, Марияның сөзінше, испандықтар үшін Қазақстан да, Пәкістан мен Ауғанстан да – бір мемлекет сияқты. Олардың түсінігінде әлемде тұрақтылық орнаған гүлденген ел деп атауға келмейтін жеті-сегіз «стан» мемлекет бар.
— Сондықтан Қазақстаннан келгеніңді айтып, пәтер жалдамақ болсаң, бірден шығарып салады. Орыстар да осындай мәселеге кезігеді. Еуропалықтар орыстарға аса сақтана қарайды, олар мафия, алаяқтық, хакерлікпен байланыста болуы әбден мүмкін деп санайды, — дейді Мария Ковалева.
Тіпті жақсы үй тауып, оны өзіңе жалға беруге қожайынды көндіре алған күннің өзінде тағы бір кедергі – ұзақ мерзімді ақшалай кепілдік мәселесі шығады.
— Біз үйді жалға алған кезде пәтерақысын әр айға 600 еуродан жарты жылға бірден төлеуді сұрады. Пәтерді жалға берумен айналысатын агенттікке де 600 еуро төледік. Одан бөлек, фьянса бар. Фьянса – жалға алғандар пәтерді босатқанша үй қожайынының қолында қалатын кепіл ақша. Пәтерде ештеңе бүлінбей, алғашқы қалпында сақталса, көшер кезде ақшаны қайтарып алуға болады, — дейді Мария.
Баспананы жалға алу, кепілдеме мен агенттік қызметінің ақысын төлеуге қажетті ақшаның «таза» екенін дәлелдеу – тағы бір жұмыс. Марияның сөзінше, жергілікті билік үшін эмигранттар Испанияға әкелетін ақшаның заңды болуы өте маңызды.
— Мұнда «заңсыз» ақшамен келу мүмкін емес. Әуежайға түскен бетте қалтаңның бәрі ақтарып, не барын көрсетіп, табыс етесің. Сосын мұның барлығы декларацияда көрсетіледі. Егер тіпті қолма-қол ақшаны енгізудің сәті түскен күннің өзінде оны жергілікті банкке сала алмайсың. Өйткені ақшаның заңды екенін дәлелдеу талабы бар. Бұл үшін тұтқындауы да мүмкін. Банктер тек банктермен ғана жұмыс істейді, алайда қазақстандық есепшотыңда жатқан ақшаны қайдан алғаныңды да түсіндіруге тура келеді, — дейді Мария Ковалева.
«АУАДАН ФУТБОЛ ЛЕБІ СЕЗІЛЕДІ»
Мария Қазақстаннан көшіп келген құрбысымен бірге Валенсияда футбол агенттігін құрған. Қазір олар футбол клубтарымен әріптестік орнатып, жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттыру, спортшыларға тренингтер ұйымдастыру, балаларды футбол академияларына орналастыру қызметімен айналысады.
— Мұнда әр километр сайын футбол алаңы бар. Балалардың бәрі футбол формасын киіп жүреді. Испандықтар үшін футбол – екінші діні сияқты. Баланы үш жастан бастап футболға береді. Осында тұрған соң, бұл ахуал саған да әсер етеді, соны бөліскің келеді. Мұндағы ауаның өзінен футбол лебі сезіледі, — дейді Мария Ковалева.
Қазір Мария Қазақстан мен Испанияны біріктіріп, жас қазақстандық футболшыларға Испанияда оқуға мүмкіндік беретін үлкен жоба дайындап жатыр. Бұл жұмыс әлі аяқталмағанымен, Мария аталған жоба қазақстандық балалардың болашағы үшін пайдалы боларына сенеді.
Мария Қазақстанға оралу жоспары жоғын, елден кету туралы шешімді асықпай, әбден ойланып қабылдағандарын айтады. Ол болашақта Қазақстандағы туыстарын да Испанияға көшіріп алғысы келеді. Испанияда шетелдіктердің өмір сүріп, жаңа ортаға үйренуі үшін қажет жағдайдың бәрі бар деп есептейді.
— Жақын арада әпкемді балаларымен бірге осында көшірсем деп жүрмін. Қазақстанда анам қалды, ол қазір жұмыс істеп жүр. Бірақ зейнетке шыққан соң оны Испанияға көшіру мәселесін қолға аламын. Туған жерде әжеміз бар. Әрине, оған халін сұрап, жиі барып тұратын боламыз, — дейді Мария.