ТikTok желісін кәмелет жасына толмаған балалар үшін қатаң шектеу керек – депутат

0

Қазақстанда Instagram-ға 12,1 млн, Facebook-қа 2,6 млн, ал небәрі екі жылдың ішінде TikTok-қа 14,1 млн азамат тіркелген. Әлеуметтік желі әрбір жанның ажырамас бөлігіне айналды. Алайда, әлеуметтік желідегі, әсіресе, TikTok-тағы контентке назар аудармаймыз. Осылай деген Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ТikTok платформасын пайдалануды кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін қатаң шектеуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq-ruhy.kz

«Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, олардың пайдалы жақтарымен қатар, зияны да жеткілікті. Әлеуметтік желіге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оң-солын танып үлгірмеген жасөспірімдеріміздің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдатады. Шектеусіз таратылымдағы әлеуметтік желілер пайдалы білім алып, үнемі қозғалыста болуы тиіс балалардың алтын уақытын ұрлағанымен қоймай, олардың денсаулығына, психикасына да теріс әсер етеді. Әсіресе, балалар арасында кең танымалдылыққа ие TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді», — деді ол.

TikTok-та пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да жеткілікті. Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті, порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы видеолар да осы TikTok арқылы таралуда.

«Оларды балалар тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырайды. Бізбен кездескен ата-әже, әке-аналар кездескен сайын осы мәселені жиі көтеретін болды. Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды. Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап, арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық етек алып барады. Мектеп оқушылары арасында бір-біріне әлімжеттік жасап, қатыгездік жасау фактілері де әлеуметтік желілер арқылы кең таралуда», — деген ол мәселелерді тізіп берді.

Ерлан Саиров бірқатар әлем елдері тәжірибесін де атап өтті. Мысалы, Үндістан ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп 2020 жылдан бастап TikTok-қа толықтай тыйым салды. Индонезия 2018 жылдан бастап уақытша шектеу қойды. Бауырлас Өзбекстан 2021 жылдан бастап TikTok-қа тыйым салды. Қырғыз елі де шектеу енгізді. Ал АҚШ Үкіметі TikTok-қа ішінара шектеу енгізді. Еуродақ елдері де өз шенеуніктерінің телефондарына TikTok орнатуға тыйым салды. Ал, TikTok-ты ойлап табушы, яғни, Қытайдың өзі де кәмелеттік жасқа толмаған балаларға «арнайы бала – TikTok» контентін ұйымдастырған. Қытайдың өзінде балалар TikTok-тың толық форматын пайдалана алмайды, нақты шектеу қарастырылған.

«Жалпы, мемлекеттің болашағы біздің жеткіншек ұрпақтың рухани, моральдық бет-бейнесіне байланысты. Бұл – біздің болашақ ұрпақты рухани құлдыраудан сақтап, ұлтымызды жаңа деңгейде қалыптастыратын Ұлы күрес! Сондықтан аталған әлеуметтік желінің ұлттық қауіпсіздігімізге, жастарымыздың моральдық бет-бейнесіне, денсаулығы мен психикасына төндіретін қаупін ескере отырып, жуырда қабылданған онлайн платформалар заңына сәйкес, ТикТоктағы адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылықтарына қарсы келетін, яғни, заңға қайшы барлық контенттерге шектеу қоюды, балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаулау, ТикТокты кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіндегідей балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізуді ұсынамыз», — деді Саиров.

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев