«Тиімсіз болуға арланамын»: Иманғали Тасмағамбетов лауазымға қызықпайтыны туралы

0

Ел Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылға жуық уақытта жоғары мемлекеттік қызметтер ат­қара жүріп, үнемі ел назарында болған Иманғали Тасмағамбетов дәл қазір немен айналысып жүргенін айтты, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

— Күт­пеген жерден зейнет демалысына шығып кет­кеніңізге де бір жылға жуықтапты. Құпия болмаса, қазір немен шұғылданып жүрсіз?

— Құпия емес. Ел қатарлы өмір сүріп жатыр­мыз. Мынау айтып келмеген індет басталғалы үйден алыстамауға тырысамын. Оның да бұрын аса мән бермеген қызығы көп екен. Ең бастысы – шығармашылық ойға, бұрын қол тие бермейтін сүйікті ісіңе уақыт жетеді. Жаңа өзіңіз айттыңыз, көп жыл елдің қызме­тін­де жүрдік. Жатсақ- тұрсақ ойымыз жұмыста, бойымыз үйден алыста болдық. Әрине, оған өкініп отырған жоқпын. Өйткені, ер азамат үшін ел-жерінің игілігіне қызмет етуден артық бақыт жоқ.

Осы жолда азды-көп халыққа пайдамыз тиіп, ең­бегіміз еленіп жатса, ол да болса осы ақжүрек жұртымыздың арқасы… Зейнет демалысы деп отырсыз ғой… Мен үшін бұл «күтпеген сый» болды деп айтпаймын. Жеті рет өлшеп, бір рет кескен келелі шешімім. Өз қалауым. Ашығын айтқанда, бұл өмірде «құлақсыз сан­дық» секілді тиімсіз болуға арланамын. Сол үшін де, қайнаған істің жолына емес, лауазым-қызметтің қолына қарап отыратындардың қатарынан емеспін.

— Еліміздегі Жастар ұйымының жетекшілігінен бастап, Премьер-Министрлікке дейінгі және одан кейінгі атқарған әкімшілік-саяси, әлеуметтік-эко­но­микалық, рухани-ағартушылық салалардағы қайраткерлік қызметтеріңізден жалпы қауым жақ­сы хабардар екеніне күмәнім жоқ. Әйтсе де, ел-жұрт Сізден, ұлт мәдениеті мен руханиятының жанашыры ретінде, осы төңіректегі пікірлеріңізді көбірек естігісі келетінін білемін. Жалпы қазақ ұлты үшін бүл тақырыптардың өзектілігі неде?

 Ұлт мәдениеті мен руханияты туралы таң­ды таңға ұрып айта беруге болады. Талай ала­сапыран заманды, тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген елміз. Ұлт ретінде жойылып кетудің алдында қалған сәттер қаншама болды. Бірақ, халқымызды осы зұлмат пен нәубеттерден аман алып қалып отырған бір дүние бар. Ол – ұлттың жады. Жаңа өзіңіз айтып отырған ұлттық руханият та, рух та, мәдениет те, тіл де, дін де, тіп­ті иман, ар-ұят мәселесі де барлығы осының ішін­де. Біздің ата-бабаларымыз үшін «Рух» сөзі өте қастерлі ұғым. Мәңгіліктің синонимі. Сондықтан осы ұлттың Жадын мәңгілік қылып сақтау кешегі ата-бабалардан бүгінгі ұрпақ бізге аманат.

Өкінішке қарай, бүгінгі жаһандану толқыны кейінгі ұрпақтың бойындағы Ұлт жадын қатты шайқап жатыр. Бұл – үлкен қасірет. Сондықтан біз дәл бүгінгі күнде ұлттық санамызды, әсіресе жас буынның санасын ауық-ауық сілкіп тұруы­мыз керек. Сіздің сұрағыңыздағы қазақ ұлты үшін бұл тақырыптардың өзектілігі неде дегеннің жауабы – осы.

— Өзіңіз бас болып, монғол жерінен тасқа таң­баланған Күлтегін жазба ескерткішінің көшірмесін жасатып, елімізге алып келгенде, атажұртқа бабалар рухы қайта көшіп келгендей әсерде болған едік. Үлкен Одақтан саяси-экономикалық дербестік алғаннан кейінгі, еліміздің рухани серпілуіне осы бір оқиға себепкер болды десек артық айтқандық емес. Бұл оқиғаның қазақ халқының тарихындағы алатын орны қандай?

— «Тозған ел тарихын жаспен жазады, озған ел тарихын таспен жазады. Жаспен жазған – қанжілік, таспен жазған мәңгілік» деген бар. Адамзат тарихында талай елдің шежіресі тасқа жазылған немесе таспен өрілген белгілер арқылы сақталып, тарих атты ұлы кітаптың мұрағатына қатталып жатыр. Мұның өзі – тұтас өркениеттің өлшемі. Мысырдың Пирамидалары немесе Қы­тайдың Ұлы Қорғанына қараңыз… Ешкімге ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ.

Жазу мен сызу, мұрағат жию сияқты әдеті болмаған қай халық болсын, кешегісін бүгінімен сабақтастыра алмай, пұшайман күйге түседі. Сон­дықтан Күлтегіннің келуі, осындай жазба ескерт­кіштің сырын ашу – біздің ұлттық тарихымызды жаңа белеске көтерді. Білге қағанның, Тоныкөк бабаның, Күлтегін батырдың есімдері төл тарихы­мызға енді. Ең бастысы — «қазақта тамыр жоқ, өз мем­леке­ті болмаған» дегендердің аузына құм құйыл­ды.

«Қазақ әдебиеті» газеті

Басты бет