Тибетте жойқын жер сілкінісінен 53 адам қаза тапты – БАҚ

0

Қытайдың Тибет аймағында болған жер сілкінісінен кемінде 53 адам қаза тауып, тағы 62 адам жарақат алды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Синьхуа порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, бастапқыда Қытайдың Орталық телеарнасы 9 адам қаза тапқанын хабарлады. Табиғи апат көптеген ғимараттардың қирауына әкелді. Құтқару жұмыстары ұйымдастырылып, апат аймағында халықты эвакуациялау жұмыстары басталды.

Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша 09:05-те (Астана уақытымен 06:05-те) тіркелді. АҚШ-тың Геологиялық қызметі магнитуданы 7,1 балл деп бағалаған, ал Қытайдың сейсмикалық орталығы магнитуданы 6,8 балл деп көрсетті.

Жер сілкінісінің эпицентрі Тибеттің Шигадзе қаласынан 163 шақырым қашықтықта орналасқан. Жер асты дүмпуі Дингри ауданының тұрғындары тарапынан сезілді. Непал, Үндістан, Бутан және Бангладеште де дүмпулер байқалды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда АҚШ пен Жапонияның тәжірибесі бойынша ғимараттар сейсмикалық тексерістен өтетінін жаздық. Ерболат Досаев мәслихат сессиясы барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Алматының сейсмикалық қорғанысын күшейту міндетін алға қойғанын еске салды. Сондай-ақ, ол 2025-2027 жылдары қала аумағында ықтимал жер сілкінісі туралы ескерту үшін 70 қосымша сейсмикалық станция орнатылатынын жеткізді. Досаевтың айтуынша, қала бюджетінде бұл мақсаттарға 2025 жылы 700 миллион теңге қарастырылған.