The Guardian: 2018 жыл — автократтардың жылы болды
Кеше The Guardian басылымының сарапшысы Саймон Тисдаллдың биылғы саяси тақырыптарға шолу жасай келе, 2018 жылды автократтардың жылы болды деген мақаласы жарияланды.
Саймон: «2018 жыл адамзаттың өмірі мен ғаламшардың болашағына қауіп төндіретін шешімдер қабылданған жыл болды. Айталық, Америкада Дональд Трамп, Ресейде Владимир Путин, Қытайда Ши Жиңпин және бүкіл әлемдегі екінші дәрежелі автократтар өздерінің ұлттық және жеке мүдделерін бірінші орынға қойып, демократиялық және заңды құқықтарды, сонымен бірге, адам құқықтарын бұзуға бағытталған шараларды көптеп қолданды» дейді. Мақалада басты назар жоғарыда аталған тұлғалардың шешімдері мен іс-әрекеттеріне бағытталған.
Ол Ресей президенті Владимир Путин жайында «Нәтижесі алдын ала белгілі болған сайлауға қатысып, Ресейдің президенті болып қайта сайлануы саяси аренада оның үстемдігін одан әрі арттыра түсті. Сонымен бірге, ол Ресейдің шет елдердегі үстемдігін, Қытаймен бірлескен әскери жаттығуларды өткізіп, Балтық елдері мен Солтүстік Атлантикадағы НАТО қорғаныс жүйелерінен кемшіліктер табуға тырысып, Еуропадағы және Балқандағы сайлау нәтижелеріне әсер ету үшін жалған ақпарат тарататын кампанияларға жүгінді», — дейді.
Ал Трамп пен Путинниің Финляндиядағы кездесуінде АҚШ басшысының Ресей президентімен кездесуде құрмет көрсетуі ақпарат беттерінде біраз талқыланып, тіпті, Ресейдің Англияда химиялық қару қолданғаны белгілі болса да, Трамп Мәскеудің бұл іс-әрекетін сынаудан бас тартқандығын атап өткен.
2018 жылғы жаңалықтардың басты тақырыптарының бірі Дональд Трамптың өзі болды деген Саймон: «Алайда ол жаңалықтардың көбі жағымсыз. Ол ешқандай сынды дұрыс қабылдамайды, ешкіммен санаспай еркін шешімдер қабылдап, шындықтарды бұрмалағаны үшін басқа елдердің автократтары тарапынан сынға ұшырап отыр, сондай-ақ, Трамптың заң бұзушылықтарына қатысты мәселелері арта түсуде, өйткені «2016 жылы Ресейдегі сайлауға Трамптың қатысы бар ма?»деген сауал әлі жауабын тапқан жоқ» дегенді назарда ұстаған.
«Ал, ҚХР Төрағасы Ши Жиңпин көшбасшы болу мерзімін шектейтін заңға өзгерту енгізіп, өзін мәңгілік төраға етіп жариялауы арқылы 2018 жылы билігін одан әрі нығайта түсті. Ол да Владимир Путин секілді Оңтүстік Қытай теңізіндегі аралдарда әскери базалар құрып, Тайвань елімен дипломатиялық келісімдерге шектеу қойып, әлемдік аренада Қытайдың күш-қуатын көрсетіп отыр» дейді.
Сондай-ақ, Саймон жоғарыда аталған билеушілерден басқа Бразилия президенті Жайр Болсанаруды, Венесуэла басшысы Николас Мадуроны, Филиппин президенті Родриго Дутерте, Мысыр президенті Абдель Фаттах әл-Сисиді, түрік көшбасшысы Режеп Тайып Ердоғанды, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынды және Сауд Арабия ханзадасы Мұхаммед бен Салманды автократтар қатарына жатқызады.