Террористер: Елбасына қастандық жасамақ болған кімдер?
Алматы бекерден-бекер террористердің нысаны болған жоқ. Бұрынғы астана, ең ірі мегаполис, шығармашылық және бизнес-элитаның көпшілігі осы қалада тұрады. Қылмыскерлердің есебінше, Алматыда хаос болса, бүкіл ел дүрлігеді…
Бұл террористік топтың дайындығы өте жоғары болған. Бұлардың көздегені президентке қастандық жасау болғаны еш жерде ресми түрде айтылған емес. Журналист әріптестеріміз де бұл туралы жақ ашқан жоқ. Террористер басқа емес, президенттің өзін нысана етпек болғаны енді ғана сөз болып жүр. Олардың дайындығына, қару-жарағына, полиция формасына, құжаттарына, басқа да себептерге қарағанда, бұлар тек жарылыс жасаумен шектелуді ойламағаны анық көрінеді.
Әлдебір кездейсоқ оқиғаның салдарынан 2012 жылы 11 шілдеден 12-сіне ауған түні Алматы облысы Қарасай ауданыны «Таусамалы» ауылындағы Сейфуллин №98-үйде күшті жарылыс болады. Шырт ұйқыдағы көршілер шошып оянып, жүгіре жеткенімен, өртеніп жатқан үйден адамдарды құтқарып қала алмаған. Саманнан салынған екі қабатты үй шырпы тиген құрғақ шөптей қаулай өртенген.
Өрт басылған соң құтқарушылар құлаған үйінді астынан тоғыз адамның денесін тапты. Төртеуі – әйел, бесеуі – бала. Кейін анықталғандай, бұлардың арасында іздеуде жүрген экстремистің отбасы бар екен.
Полицейлер анықтағандай, үйдің иесі Ковальчук бұларға баспананы айына 180 мың теңгеге жалға беріпті. Жалға алған адам «Асқар Камалов деген бизнесменмін» деп танысқан. Бұлардың нақты аты-жөні кейін белгілі болды.
Өртенген үйдің ауласындағы гараждан АКС-У пулеметі, Марголин тапаншасының тетіктері, тапаншаның екі кабурасы, гранатаның жарғыш бөлшектері, 7 қап селитра, рация адапторлары, сөмке толы подшипник, кісендер, СОБР жасағының формалары, бронижилеттер, ІІМ-ҰҚК погондары, ақша табылған. Бұдан бөлек, діни кітаптар да аз болмаған көрінеді. Сондай-ақ, президент кортежінің Қаскелеңге апаратын жоғарғы трассамен жүретін жолының сызбасы шыққан.
2012 жылы 13 тамызда Алматы облыстық полициясының Каменскі бөліміне хабар түсіп, «Таусамалы» ауылынан 30 шақырым жердегі «Кордон Ақсай» шатқалындағы №4 кордон аумағында екі адамның денесі табылғаны белгілі болады. Жедел-тергеу тобы оқиға орнына жетіп, Іле-Алатау ұлттық паркі қорықшысының үйінен 53 жастағы Ирина Карпенконың және 60 жастағы Виталий Синяковтың жансыз денесін көреді. Тексеру барысында оқиға болған жерден тағы төрт адам өлтірілгені анықталады. Олар үй иесі Панайот Захарапуло мен оның туыстары Антонина Карпызина, Андрей Гузеев, Дмитрий Мусахранов еді. Барлығын да асқан жауыздықпен пышақтап өлтіріпті.
Панайот Захарапуло ұлы Игорьмен.
Үйді тексерген оперлер таң-тамаша болған. Сейфтен 12 600 АҚШ доллары мен 500 мың теңге, екі алтын алқа, 12 және 16 калибрлі мылтық табылған. Яғни қылмыскерлердің мақсаты тонау болмаған. Із-түзсіз жоғалып, кейін денесі басқа жерден табылған Игорь Захарапулоның «Ниссан Патрол» көлігі соғылған күйі шлагбаумның алдында тұрған. Тағы бірнеше метрден соң «Ниваны» қалдырып кетіпті. Сарапшылар кейін көліктің салонынан қанның іздерін тапты.
Көп ұзамай ұлттық парк қызметкерлерінен тағы бір хабар түсіп, жаңағы жерден 25 шақырым қашықтықта орманшы Алексей Шкилевтің №3 кордоны өртеніп жатқанын айтады. Полицейлер ол жерден алты адамның күйген денесін тапқан.
Жедел-тергеу тобы түрлі болжамдарды қарастырғаны түсінікті еді. Тұрмыстық қылмыс, тапсырыспен жасалған кісі өлтіру, әлдебір күштімен ерегес немесе аңшы-барконьерлердің ісі болуы мүмкін. Бұдан бөлек тағы бір болжам қарастырылды: қаза болғандар Ақсай шатқалында әлдебір диверсиялық топ жаттығуының куәсі болуы ғажап емес. Өйткені сол жылы көктемде Арқанкерген оқиғасы болған еді.
20 шілдеден 12 тамызға дейін террористер әйелдері мен балаларын қорықшы кордонынан жоғарыдағғы көзден тасалау жерде блиндажда қамап ұстапты. Мұны олардың әйелдері кейін мойындады. Әйелдердің бірі 2012 жылы 12 тамызда сол блиндажда босанып қалған.
Ұлттық парктегі трагедияның хронологиясы мынадай: 12-13 тамыз күндері қорықшының ұлы Игорь Захарапуло Андрей Гузеев екеуі тау шатқалын тексеріп жүрген. Тауда браконьерлер тығылып жатуы мүмкін деп күдіктенген екеу УАЗ-ды төменге тастап, жаяу тауға көтерілгенде терррористердің блиндажына тап келген. Одан әрі былай болжауға болады: олардың арасында ерегес туып, арты төбелеске ұласқан. Андрей Гузеев Панайот Захарапулоны шақыруға кеткенде террористер Игорьды өлтіріп, денесін тығып тастаған.
Панайот Захарапуло мен Андрей Гузеев қару алып қайтып келе жатқанда террорисетрдің қақпанына түсуі мүмкін. Өйткені қорықшылар тіпті мылтық атып үлгермепті. Әбден дайындалған әккі қылмыскерлер оларды машинадан шығармай-ақ пышақтап тастаған.
Одан соң бандиттер лагерьге келіп, Антонина Капрызинаны да өлтіреді. Захарапуло мен Гузеевтің денесін сол жерге тастайды. Одан әрі №4 кардонға барып, Ирина Карпенко, Дмитрий Мусахранов, Виталий Синяковтың түбіне жетеді. Террористер Игорьдің «Ниссан Патрол» көлігімен із суытпақ болса керек, бірақ шлагбаумнан өте алмаған.
Бұдан соң қылмыскерлер басқа жолға түсіп, №3 кардонға келеді. Ол жерде тағы 6 адамды өлтіріп, үйді өртеп жіберген.
Бірнеше күннен соң Алматының жоғарғы жағындағы Бағанашыл ауылында антитеррорлық операция жүргізілді. Шабуылдамас бұрын оларға берілу ескертілді. Жауап ретінде террористер оқ атқан. Олардың өліспей беріспейтініне көздері жеткен соң үйді ірі калибрлі қарумен, гранатаметпен атқылаған. Таңғы тоғызда атыс тоқтап, қираған үйден 9 адамның денесі табылды. Олардың бірі – бала…
Террористік топтың екі мүшесі құтылып кетті. Олар – Жамбыл облысы Жуалы ауданында 1978 туған Заурбек Ботабаев пен Батыс Қазақстан облысының тумасы 1975 жылғы Саян Хайыров.
Хайыров 2013 жылы 15 шілдеде Бішкектен Қазақстанға экстрадицияланып, сотталды. Ал Ботабаев әлі қашып жүр.