Тергеуге шақыруды елең етпеген Атамбаевтың үйіне ішкі істер вице-министрі барды

0
102

Қырғызстанның ішкі істер вице-министрі айқындалмаған қылмыстық іс аясында үш мәрте тергеуге шақыруды елең қылмаған бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың резиденциясына барды.

Атамбаевтың көмекшісі Кундуз Жолдубаева Азаттыққа вице-министр Мирлан Каниметов пен министрліктің бірнеше өкілі 22 шілде күні бұрынғы президенттің Кой-таш ауылындағы резиденциясына келіп-кеткенін айтты.

Жолдубаеваның сөзінше, Атамбаев вице-министрмен сөйлесуге шықпай қойған, оның орнына көмекшісі шығып сөйлескен.

– Адвокатымыз бұған дейін жариялаған позициямызды қайталап айттым. Министрлікке де хабарлағанбыз. 27 маусым күнгі Алмазбек Атамбаевты президенттік тиіспеушілік хақынан айыруға дауыс берген парламент шешімін заңсыз деп санаймыз, – деді Жолдубаева.

Оның сөзінше, Каниметов көмекшінің мәлімдемесін түсінгенін айтып, резиденциядан кетіп қалған.

22 шілде күні іле-шала Атамбаев аты-жөні аталмаған адамдардың шақыруымен 24 шілдеде Ресейге екі күнге бара жатқанын мәлімдеді.

Өткен апта Атамбаев үшінші мәрте ішкі істер министрлігінің тергеуге шақыру қағазын елең етпей қойған. Осыдан кейін оған тергеу амалдары үшін қамалу қаупі төнген.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев жақтастары алдында сөйлеп тұр. Бішкек, 3 шілде 2019 жыл

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев жақтастары алдында сөйлеп тұр. Бішкек, 3 шілде 2019 жыл

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз түрде дәулет жинады деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, үстінен ашылған істің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Қырғызстанның заңы бойынша екі мәрте тергеуге шақыруды елең қылмаған адам жауаптауға күшпен әкелінеді. Бірақ Бішкек әзірше Атамбаевты қамауға алу әрекетіне бармай тұр.

Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев биылғы мамырда президенттің тиіспеушілік хақы туралы Қырғызстан заңына енгізілген өзгеріс конституцияға қайшы екенін айтқан.

Қырғыз депутаттардың басым көпшілігі Атамбаевты тиіспеушілік хақынан айыруды жақтап дауыс берген еді.

27 маусым күнгі дауыс беруден соң Атамбаев Кой-Таштағы резиденциясынан көп шықпаған. Ол қаруы бар екенін ескерткен.

3 шілде күні Атамбаев Бішкекте мыңға жуық жақтасы ұйымдастырған шеру алдында сөз сөйлеп, ішкі істер министрлігі таққан айыптарды алып тастауды талап еткен.

Azattyq