Тепсе темір үзетін жігіттер зейнеткерді 7 мың теңгеге бола соққыға жыққан

0

Риддер қалалық аураханасына 70 жастағы қария келіп түсті. Полиция қызметкерлері оның денесінде әртүрлі жарақат болғанын хабарлады.

Қарияның айтуынша, оны 14 қаңтар күні шамамен сағат түнгі он кезінде белгісіз ер адамдар соққыға жыққан. Өздері бетперде тағып алғандықтан, кім екенін білмейді. Кейін оның қалтасындағы 7 мың теңгесін алып кеткен.

«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Риддер қаласының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері, ШҚО полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, 33 және 44 жастағы күдіктілерді ұстады. Қылмыскерлер өз кінәсін мойындады», – деп хабарлайды ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Қылмыскерлер Риддер қаласының ПБ-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлімі (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.