«Тепкілеп жатыр». Алматыда әйелін ұрып-соққан ер адамды көршілері видеоға түсіріп алды

0

Алматыда көршілері әйелді ұрып-соққан ер адамды видеоға түсіріп алды. Қалалық Полиция департаменті өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Видео «Не молчи» қоғамдық қорының парақшасында жарияланды.

«Бүгін түнде Алматыдағы «Премьера» тұрғын үй кешенінде көрші тұратын ер адам тыныштықты бұзып, әйелін ұрып-соқты, есік қаққандарға және наразылыққа мән бермеді. Бірінші рет болып отырған жайт емес, сондықтан көршілер полиция ештеңе істемейтініне үйреніп қалды, полицияға хабарласпайды да, өздері тыныштандыруға тырысады. Қараңыздар, әйел тіпті айғайламайды, қаттырақ ұра ма деп қорқады. Есіктің қарағышынан түсірген, себебі онда тесік бар, бәрі естіледі, көрінеді», — делінген жазбада.

Ескерту! Видеода зорлық әрекеттері бар.

Полиция департаментінің өкілдері пікір білдірді.

«Бұл дерек бойынша көршілерінен түнде тыныштықты бұзуға қатысты шағым түсті. Оқиға орнында тексеріс барысында бірге тұратын жұптың спирттік ішімдік ішіп, арты дауға ұласқаны белгілі болды. Алайда жәбірленуші дене жарақатын салу бойынша шағым түсіруден бас тартты. Түнде тыныштықты бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады Наурызбай аудандық Полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.