«Теңізшевройл» компаниясының басшысы ауысты
Жылдағы дәстүр бойынша «Теңізшевройл» ЖШС Алматыда журналистерімен жүздесіп, компания қызметіне қатысты ақпараттармен бөлісіп отырады. БАҚ өкілдерімен өткен соңғы кездесуде Имер Боннер «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) бас директоры болып тағайындалғаны мәлім болды.
2018 жылдың 1 желтоқсаннан бастап өндіріс бөлімінің бас менеджері Имер Боннер «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Тед Этчисонды алмастырды.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры қызметін абыройлы атқарған Тед Этчисон Шеврон корпорациясындағы 38 жылдық еңбек өтілінен кейін зейнетке шығып отыр. Тед Индонезия, Нигерия, Қазақстан және АҚШ-тың түрлі бизнес бөлімшелерінде жобалау, өндіріс, басқару салаларында әр алуан басшылық қызметтерді атқарды.
Бұған дейін Боннер ханым 2015 жылдың қарашасынан бастап ТШО-ның өндіріс жөніндегі бас менеджері қызметін атқарған. Бұл қызметте ол кәсіпорынның өндірістік қызметінің барлық қырына, яғни өндіріске, бұрғылауға, қауіпсіздікке, ақпараттық технологияларға, кеніш игеруді нормативтік құқықтық қамтамасыз етуге және материалдық-техникалық жабдықтауға жауапты болды.
Имер мансап жолын Ұлыбританияда, Солтүстік теңіздегі кеніште мұнайшы — инженер ретінде бастап, Ұлыбританияда, Тайландта, Қазақстанда, сондай-ақ Калифорния штатының Сан-Рамон қаласындағы «Шеврон» корпорациясының бас кеңсесінде жауапкершілік деңгейі арта түскен техникалық қызметкерден басшылық лауазымға дейін көтерілді.
Оның Қазақстандағы қызметі 2012-2013 жылдары «Шеврон» корпорациясының Еуразия бөлімшесіне басқарушы директордың орынбасарлығынан басталған. Ол бұл қызметте NOJV компаниясының Әзірбайжан мен Қазақстандағы қызметіне басшылық етті. Сондай-ақ, Имер өндіріс пен қайта инвестиция жасау портфеліне, өндірісті оңтайландыру жөніндегі функционалдық топтар қызметіне, маркетинг пен өнім өткізуге, барлау жұмыстарына жауап берді.
Бұның алдында ол «Шеврон Тайланд» бөлімшесі нысанында менеджер міндетін атқарып, үш теңіз кешеніндегі өндіріске жауап берді және де ірі күрделі жобаны табысты жүзеге асыруға, «Шеврон» компаниясының Тайландтағы активтерін ұлғайту үшін инвестиция портфелін дайындауға басшылық етті.
Ол Белфасттағы Квинс университетінде «Химия инженері» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін, ал Лондондағы Империялық колледжден «Химия өнеркәсібі технологиясы», «Мұнай-газ өндірісі технологиясы» мамандықтары бойынша екі магистрлік дәреже иеленді.
Имер Майкл Боннер атты жұбайымен және екі қызымен Атырау қаласында тұрады
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ