Теңіздегі жұмыс жағдайын арнайы комиссия тексереді

0

Теңіздегі жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасындағы жалақы айырмашылығын және жұмыс жағдайын арнайы комиссия тексереді. Бұл туралы 2 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткен брифингіде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты.

«Қазақстан заңына сәйкес еңбекақыда айырмашылық болмауы керек. Қазір соны жұмысшы тобы тексереді. Жұмыс берушілерден неге айырмашылық бар екенін анықтайды. Одан кейін мұны қалпына келтіруге жұмыс жасаймыз. Ал Теңіздегі жағдай бақылауымызда» деді министр.

Сапарбаевтың сөзінше, арнайы комиссия құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Атырау облысы әкімдігі мен еңбек инспекциясы, «Теңізшевройл» мен оған қарайтын мердігер мекеме Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) өкілдері кірген.

Министр «29 маусымда болған жанжал кезінде жұмысшылар жалақы мен жұмыс жағдайы туралы мәселе көтермеді» деп мәлімдеді.

«Ол жерде көтерілгені – тұрмыстық мәселе еді. Бірақ қазір олардың еңбекақысы, тұрмыстары, еңбек қауіпсіздігі тексеріледі» деді Сапарбаев.

Бірақ 29 маусымда Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев «Теңізшевройл» компаниясы жетекшілерімен өткен жиналыста жанжал «жергілікті және шетелдік жұмысшыларға жасалған жағдай әртүрлі болғандықтан төебелес шыққан. Бұл мәселені ТШО басшылығы жүйелі түрде шешуі тиіс» деген.

29 маусымда Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз кентінде «Теңізшевройлдың» мердігері Consolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) компаниясының жұмысшылары арасында жанжал шыққан. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда ССЕР деген жазуы бар жилет киген жұмысшылар басқа бір жұмысшыларды тепкілеп, қолына түскен заттармен ұрып жатқаны көрінеді. Қатты таяқ жеген кейбір жұмысшылар жерде жатқан. Тағы бір видеода бір топ жұмысшы автобусқа тас лақтырғаны байқалады.

ТШО дерегінше, оқиға кезінде шамамен 40 адам «аздап жарақаттанған».

Атырау облысы әкімдігі басында жанжалға WhatsApp мессенджерінде тараған сурет түрткі болғанын айтқан. Суретте компанияда жұмыс істейтін Ливия азаматы қолына рация ұстап, оның ұшын жанында тұрған жергілікті жұмысшы қызға бағыттап тұрған. Әкімдіктің айтуынша, жергілікті жұмысшылар «сурет – қыздың ар-намысын таптау» деп есептеген.

«Теңізшевройл» компаниясы мен Қазақстан билігі жұмысшылар арасындағы төбелесті «тұрмыстық жанжал» деп сипаттады. Ал Иордания мен Ливан билігі Теңізде жұмыс істейтін азаматтарын кеніштен эвакуациялағанын мәлімдеді.

Теңіз кеніші Құлсарыдан – 120 шақырым, Атыраудан 340 шақырым жерде орналасқан.

«Теңізшевройл» Қазақстанда 1993 жылдан бері істейді. «Теңізшевройл» мұнай өңдеу концерніне Chevron (50 % акция), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), қазақстандық «ҚазМұнайГаз» (20%) және LUKArco (5%) компаниясы кіреді.

Ашық ақпараттардағы дерек бойынша, Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore электр құрылғыларын орнатумен айналысады. Бас офисі Абу-Дабиде (БАӘ) орналасқан.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз