Теңіздегі төбелес: ауруханаға қанша адам жеткізілді
Қысқа сілтеме алу
Кен орнындағы төбелестен кейін 45 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген
НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов Теңіз кен орнында болған төбелес кезінде қанша адамның жарақат алғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, медициналық бекеттердің көмегіне 45 адам жүгінген. Олардың ішінде қазақстандықтар да бар.
«Жалпы, жарақат алғандардың санына қатысты сан алуан мәлімет таралып жатыр. Осы уақытқа дейін медициналық бекеттердің көмегіне 45 адам жүгінді. Бұны «Теңізшевройл» да растап отыр. Жарақат алғандардың басым бөлігі – ССЕР компаниясының қызметкерлері. Бірақ «Теңізшевройл»-дың басқа да жұмысшылары бар. Бір ұлттың адамдары ғана емес. Төрт қазақстандық та болды», — деді Досмұхамбетов журналистерге берген сұқбатында.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, зардап шеккен 45 адамның ішінде 22 адамға медициналық көмек қажет болған. Олар Атырау қаласына жеткізілді.
Тағы оқыңыз: «Намысқа тиетін сурет»: Теңіз елді мекеніндегі жаппай төбелестің мән-жайы
«Кеше, тіпті алдыңғы күні де ауруханада бірде-бір адам қалған жоқ. Барлығы тиісті көмекті алды. Қатты жарақат алғандар болмады. Барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетілді, қазір бәрі аман-есен», — деп атап өтті ол.
Министрдің бірінші орынбасары шетел мамандарына жоғары жалақы төлеу мәселесін де түсіндірді. Оның айтуынша, ондай мамандарға өзге елде істегені үшін қосымша ақы төленеді. Алайда артық ақша төленгені анықталса, тиісті шара қолданылады.
Досмұхамбетов Теңіз жобасында кәсіби мамандар тапшы екенін де жеткізді.
Теңіздегі төбелес
Сенбі, 29 маусым күні Теңіздегі 3GI зауытының мыңға жуық жұмысшысы ереуілге шыққан болатын. Бұған әлеуметтік желідегі сурет себеп болған. Фотоға Ливия азаматы Ели Дауд (Eli Daoud) пен қазақ қызы бірге түскен.
Суреттегі көріністі намысқа тиеді деп есептеген жұмысшылар ереуілге шығып, араб қызметкерлерін соққының астына алды.
©
Photo : YouTube / QAZ Trends
Теңіз кен орнында болған жағдай
Желіде жаппай төбелестің видеолары тарала бастаған болатын. Жұмысшылар жабылып, араб азаматын соққыға жыққан.
Оқиға ішкі істер органдарының бақылауына алынды. Атырау облысының полиция департаменті бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (CСЕР) компаниясының логистика жөніндегі бас әкімшісі Эли Дауд дау туғызып, ереуілге себеп болған фото үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады.
sputniknews.kz