Теңіз жағалауына миф кейіпкерлері «жайғасты»

0

С.Қондыбай шығарма­ла­рын зерделеу, насихаттауға қы­зығушылық Маңғыстауда бұ­дан оншақты жыл бұрын қолға алынды. Нәтижесінде бірнеше ірі ғылыми-тәжі­ри­белік конференция өткі­зіліп, ғалымның том-том шы­ғармалары басылып шықты. Туған ауылы Шетпе кентінен мұражай, Ақтау қаласынан Серікбол Қондыбай атындағы орта мектеп ашылды. Серікбол шығармаларындағы мифтік кейіпкерлердің «ортамызға оралып», ұрпақтың көз алдында көрініс табуы – маң­ғыс­таулықтар арасында көп­­тен айтылып келе жат­қан мә­селе болатын. «Әне са­лы­­­­нады екен, міне ашылады екен» деп халықты бі­раз жыл дәмелендірген алаң­ның Тәуелсіздік мерекесі қар­саңында тұсауы кесілді. 

Мемлекет басшысы «Ұлы да­ланың жеті қы­ры» ма­қа­ласында «… прото­мем­лекеттік бірлестіктердің де­ні қазіргі Қазақстан аума­ғында құрылып, қазақ ұл­ты этногенезінің негізгі эле­­менттерін құрап отыр. Біз айт­қалы отырған зор мәдени жетістіктер шо­ғы­ры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көп­шілігі осы кең­байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге тарал­ды. Кейінгі жылдары та­былған тарихи жәдігерлер біз­дің бабаларымыздың өз за­ма­нындағы ең озық, ең үздік тех­нологиялық жаңа­лықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық та­рихтағы орнына тың көзқа­распен қарауға мүмкіндік бе­реді» деген болатын. Жалпы Се­рікбол шы­ғармаларымен үн­десетін осы ой Маңғыстау өңірінде біраз істерді атқаруға бола­тындығын аңғартады. Оның үстіне Каспий теңізі жа­ға­лауын, Ақтау қаласы мен Маң­ғыстау даласындағы көрікті жерлерді туризм са­ла­сының іргелі орындарына айналдыру туралы ма­ңыз­ды тапсырманы орындау үшін де біраз ізденістер мен қиял­дардың жемісі қажет-ақ. «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ласында Елбасы «Өз жазуы мен мифоло­гиясы бар Қазақстанның ежел­гі тұр­ғын­дарының озық мәде­ниеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара бай­ланы­сының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отыр­ған» деуі Маңғыстау өңі­ріне, тастағы таңбаларға қа­тысты айтылғандай. Ал Серік­бол шығармаларында бұл ұғым­дарға қатысты түсі­ніктер тұ­нып тұр. Маңғыстауда «Ұлы да­ланың жеті қыры» мақа­ла­сындағы міндеттерді жү­зеге асы­рамын деушілерге С.Қон­дыбай шығармаларын жата-жастана оқып, ғылым мен қиял­ды ұштастырып, әдемі де мағыналы жұмыстарды тын­ды­руына мүмкіндік мол. 

Тәуелсіздік мерекесі ая­сында Каспий теңізі жаға­лауынан ашылған «Мифтер алаңы» осы жұмыстардың бастамасындай. Мифтер ала­ңына Суын айғыр, Нұр Төле, Аққу, Түйе үстіндегі қыз, Ай­даһар, тағы басқа миф­тік кейіпкерлер бейнелеген 13 кішігірім сәулет туындылары орнатылды.

Кейіпкерлер арасында Көне қазақтың дү­ниетанымындағы киелі ны­шанның белгісі болып саналатын Сарыүйек жылан бейнесі, түркі дүние­та­нымындағы жо­ғарғы Жа­ра­тушыны еске са­латын Күнбасты Тәңір бей­несі, күллі түркі әлемінің басты тотемі − Көкбөрі бей­несі, сондай-ақ Ұлы дала сақ­­шылары бейнесі бар − жалпы өлкенің 2000 жылдық та­ри­хынан сыр шертетін дай-мас­сагет, сармат дәуірінің ерек­ше ескерткіштері бей­нелен­ген. 

«Мифтер алаңына» келу­шілер үшін жағалауда ұзын­дығы 102 метрді, ені 24 метрді құрайтын баспалдақ салынды. Сондай-ақ 50949 шаршы метр кеспе тас, 4496 шаршы метр көгал, ұзындығы 1800 метрді құрайтын веложол, 6 алаңнан құралған 100 метр мифтер алаңы мен 300 көлікке арналған автотұрақ салынды. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/