Теңіз кенішінің жұмысшылары тағы бас көтерді

0

Елді дүр сүлкіндірген Теңіз кенішіндегі даудан кейін барлық қызметкерге демалыс беріліп, жұмыс уақытша тоқтатылған болатын

НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. Атыраудағы Теңіз кенішінің жұмысшылары тағы да бас көтерді. Бұл жолы олар бізді заңсыз жұмыстан шығарды деп наразылық білдірді.

Тіпті басқа жұмысқа тұра алмай, сандалып жүргендері де бар екен. Өйткені олардың қайдан келгендерін естіген өзге фирма басшылары айтқандарына құлақ аспай, есікті тарс жабатын көрінеді.

Елді дүр сүлкіндірген Теңіз кенішіндегі даудан кейін барлық қызметкерге демалыс беріліп, жұмыс уақытша тоқтатылған болатын. Сол кезде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келіп, қызметімізден айырылып қаламыз деп алаңдаған жұртқа «қорықпаңыздар,бәрін өз бақылауымда ұстаймын» деп уәде еткен еді, деп хабарлады Еуразия бірінші арнасы.  

Екі ай жұмыссыз отырған жұрттың үміті күні кеше үзілді. Компания қызметкерлері жұмысшыларға хабарласып, келісімшарттың бұзылғанын мәлімдеген. Енді 200-ге жуық адам не ітерін білмей, сандалып жүр.

«Осыны естіген кезде «шок» болып қалдық. Кредит, үй алып қойып едік, бәріміздің бала-шағамыз бар. Бір күнде қысқартып жіберуге болмайды ғой, алдын ала ескертіп айту керек», – деп ашынды Жеткербай Күлімжайов.

Ал Жаслан Қабдешов Теңізде наразылық болған кезде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ешкім жұмыстан қысқартылмайды деп уәде беріп, орындамағанын айтады.

«Жұмыс әрі қарай жалғасады деді. Әкімнің сөзі қайда, бізге берген уәдесі қайда? 200 адам қайдан жұмыс табамыз?! Күз жақындап келеді, көп жерде жұмыс болмайды», – дейді ол.  

Бар мәселе осымен шектелсе қане. Жұмысшыларды мазалайтын тағы бір проблема бар.

«Жігіттер басқа жерге ауысайын десе, фирма басшылары бір-біріне жұмысқа алмаңдар деп айтып қойыпты, сондай сыбыс шығып жатыр. Тағы төбелес шығарады дейтін көрінеді. Қалай болатынын түсінбей тұрмыз», – деп атап өтті Алмаз Ізмұханов.

Келісімшартпен бүге-шігесіне дейін танысқан еңбек инспекторы барлығы да заң аясында жүріп жатыр деп сендірді.  

«Бұлардың еңбек шарттары белгілі бір жұмыстың аяқталуына дейін жасалған. Егер де ол жұмыс аяқталатын уақыт келген жағдайда жұмыс беруші хабарлама жасап, еңбек шартын бұзуға құқылы», – дейді Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясының бөлім басшысы Кемел Иманғалиев.

Дегенмен жұмысшылар мұнымен келіспейді. Сондықтан бұл іске тез арада жергілікті биліктің араласуын талап етіп отыр.

Теңіздегі төбелес

29 маусым күні Теңіздегі 3GI зауытының мыңға жуық жұмысшысы ереуілге шыққан болатын. Бұған әлеуметтік желідегі сурет себеп болған. Фотоға Ливия азаматы Ели Дауд (Eli Daoud) пен қазақ қызы бірге түскен.

Суреттегі көрініс намысына тиген жұмысшылар ереуілге шығып, араб қызметкерлерін соққының астына алды.

Оқиғадан кейін 45 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Жағдай ішкі істер органдарының бақылауына алынды. Бірнеше қылмыстық іс қозғалды.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз