«Теңгенің құнсызданғаны — шындық»: Мемлекет басшысы валюта бағамы туралы сөз қозғады — Қазақстан жаңалықтары

0

Теңге бағамы ерте ме, кеш пе тұрақтанады, бұл үшін валюта нарығындағы заңсыз іс-әрекеттерді болдырмау бойынша шаралар қабылданып жатыр, деп мәлімдеді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тоқаев

«Басқа елдердің валюталарымен бірге теңгенің құнсызданғаны — шындық. Осыған байланысты үкімет пен Ұлттық банк жағдайды тұрақтандыру жөнінде нақты шаралар қабылдады. Мен квазимемлекеттік секторға экспорттық түсімнің бір бөлігін ішкі нарықта сатуды тапсырдым. Олар да өз депозиттерін шетел валютасымен елдің қаржы жүйесіне қайтарады. Бұл қаражат нақты жобаларға бағытталады. Осы және басқа да шаралар доллар тапшылығын болдырмау үшін қабылданып жатыр», — деді «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы нарықтық экономика жағдайында бұл проблеманы шешу оңай емес екенін мойындады. Сонымен қатар, елдегі шетел валютасының көп бөлігі шикізатты сатудан түсетіні ешкімге құпия емес.

Оның пікірінше, «ерте ме, кеш пе теңге тұрақтанады».

 «Бірақ бұған сыртқы факторлар әсер етпей қоймайды. Теңгенің долларға қатысты бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты реттелетіні белгілі. Сондықтан құзырлы органдар валюта нарығындағы заңсыз әрекеттерді тоқтатады», — деді президент.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Ұлттық банк теңгенің еркін айырбас бағамы принципін ұстана отырып, үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырады.

stan.kz