Тен өліміне «кінәлі» деп танылғандар ұзақ жылға сотталды

0
96

Сот Денис Теннің өліміне байланысты айыпталған азаматтар: Жанар Толыбаеваны – 4 жылға, Арман Құдайбергеновті – 18 жылға, Нұралы Қиясовты 18 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкіміне сай, Қиясов пен Құдайбергенов жазаны қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде, ал Тойлыбаева жазаны қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуі тиіс.

Судья бұған қоса, жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына Қиясов пен Құдайбергеновтің әрқайсынан 30 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 72 мың теңге), Толыбаевадан 20 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 50 мың теңге) көлемінде қаржы өндіруді үкім етті.

Соттан тікелей репортажды көріңіз:

Үкімді 17 қаңтарда кешке қарай Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Кеңшілік Абдельдинов оқыды. Екі айыпталушының кінәлары толық дәлелденгенін айтқан ол айыпталушы Жанар Толыбаеваның тек «қылмысты хабарламау» бабы бойынша ғана кінәсі дәлелденгенін жеткізді.

Үкімнен кейін Жанар Толыбаеваның адвокаты апелляциялық инстанцияға жүгінетінін айтты.

Судья Кеңшілік Абдельдинов сот үкімін оқып жатыр. Алматы, 17 қаңтар 2019 жыл

Судья Кеңшілік Абдельдинов сот үкімін оқып жатыр. Алматы, 17 қаңтар 2019 жыл

​Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновке Қылмыстық кодекстің «қарақшылық» және «кісі өлімі» баптары бойынша айып тағылған. Ал Жанар Толыбаева «қылмысты хабарламау» айыбы бойынша күдікке ілінген. Бұдан бөлек, айыптау актісінде Құдайбергеновтің «бірнеше рет ұрлық жасағаны», ал Толыбаеваның «өзара келісіп ұрлық жасағаны» айтылады. Қылмыстық іс 38 томнан құралған.

ЖАРЫССӨЗ ЖӘНЕ СОҢҒЫ СӨЗ

Қаңтардың 16-ы күні өткен жарыссөзде айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін айтқан прокурор Қиясов пен Құдайбергеновті – 20 жылға, ал «қылмысты хабарламаған» айыпталушы Жанар Толыбаеваны 4 жылға соттауды сұраған еді.

Ал спортшының туыстары Денис Тенді «тапсырыспен өлтіруі мүмкін» деп болжап, істің толық ашылмағанына шағымданған. Олар істі қайта тергеуге жіберуді бірнеше рет сұраған. Бірақ сот отырыстарының бірінде судья олардың өтінішін қанағаттандырмай тастаған. Жәбірленуші жақ «қылмысты негізінен Толыбаева ұйымдастырды» деп болжайды.

Денис Тен өліміне қатысты сот тыңдауында отырған айыпталушылар. Алматы, 25 желтоқсан 2018 жыл

Денис Тен өліміне қатысты сот тыңдауында отырған айыпталушылар. Алматы, 25 желтоқсан 2018 жыл

Үш айыпталушы бұған дейінгі сот отырыстарында спортшының туыстарынан кешірім сұрап, Қиясов пен Құдайбергенов «кінәларын мойындайтынын» айтқан. Қиясов «кінәмді толық мойындаймын, кісі өлтіреміз деп алдын ала жоспарлаған емеспіз» десе, Құдайбергенов те «біз адам өлімі болады деп ойламадық, бізге тек ақша керек болды» деген.

Қарай отырыңыз: Денис Тен өліміне байланысты сотта айыпталушылар жауап берді (11 қаңтар 2019 жыл)

​Ал Жанар Толыбаева сотта Денис Теннің қалай пышақталғанын «көрмегенін» айтып, топ құрамында болмағанын жеткізген.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған. Ол көлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған кезде жараланған.

РЕЗОНАНС ТУДЫРҒАН ІС

Спортшы Тен қайтыс болғаннан кейін бұл іс қоғам мен журналистердің назарында болды. 2018 жылы 25 желтоқсанда іске қатысты сот тыңдауы басталғанда процеске қатысушылар мен журналистерден өзге бірнеше қала тұрғыны да келіп қатысқан. Ал 3 қаңтарда негізгі отырыс басталды. Сот қазақ тілінде өтті.

Отырыс ашық болғанмен процесс басталған кезде Денис Теннің анасы, үш күдікті өздерін фото және видеоға түсіруге рұқсат бермейтінін айтты. Бұдан бөлек, судья алғашқы екі процесте журналистерге сот залында отыруға рұқсат берген. Бірақ кейін тілшілер сотты бөлек залда отырып бақылады.

Дереккөз: Азаттық