Теміртауда қабырғасы әйнек полиция бекеті ашылды
Жаңа ғимараттың ішінде полиция қызметкерлері мен келушілерге барынша ыңғайлы жағдай жасалыпты. Ғимарат ішіндегі бөлмелердің барлығына бейнекамералар орнатылған. Тұрғындар үшін бұл жерде түрлі кеңестер алуға, арыз-шағымдарын тез арада тапсыруға мүмкіндік туды.
Шыны ғимараттың ішінде не болып жатқанын сырттан бақылап көруге болады. Мұның өзі ашықтық, шынайылық принциптерін паш етеді. Былайша айтқанда, полиция жұмысы тұрғындардың тікелей көз алдында болады. Өз кезегінде тәртіп сақшылары да әйнек қабырғадан айналада не болып жатқанын іште отырып-ақ бақылауға мүмкіндік алды.
– Өткен жылы біз осындай нысанды салу туралы облыс басшылығына ұсыныспен шыққан болатынбыз. Өңір басшысы оны қолдады. Бюджеттен қаражат бөлінді – шамамен 60 млн теңге. Осы жылдың наурызында құрылыс басталды да қыркүйекте аяқталды, – деді облыстық ІІД бастығы Мергенбай Жаппаров. – Ең бастысы, бәрі сырт көзге көрініп тұрады және есік баршаға әрдайым ашық.
Бұл жерде тәулік бойы жол-патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілік ететін болады. Ал бекеттің ішінде учаскелік полицейлер, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі және пробация қызметінің инспекторлары жұмыс істейді.
Учаскелік полиция бөлімі толықтай компьютерлендірілген. Барлық құқық қорғау органдарының мәліметтер базасына кіру мүмкіндігі бар. Ол жүйе мұнда жеткізілген азаматтарды есептеулер бойынша тексерістен өткізуге – іздеуде болған-болмағаны, айыппұлдар бойынша қарыздары бар ма, жоқ па, бұрын-соңды сотталған ба және т.б. сауалдарға жауап алуға мүмкіндік береді.
Жаңа полиция бекетінің жұмысымен облыс әкімі Ерлан Қошанов арнайы барып, танысып қайтты. Өңір басшысы облыста мұндай полиция бекеттерін салу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Қарағанды облыстық ІІД бастығы М.Жаппаров келесі жылы Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларында дәл осындай 10 полиция бекетін ашу жоспарланғанын мәлім етті.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ