Теміртауда «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы!» атты шара өтті

0

– Біз Тұңғыш Президенттің өмірі Қарағанды облысымен байланысты екенін мақтан тұтамыз. Теміртау – оның жастық шағының қаласы. Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жетекші, көшбасшы ретінде қалыптасты, – деді өңір басшысы.

Кездесу кезінде Елбасының серік­тестері өздерінің естеліктерімен бөлісті. Мысалы, ардагер-металлург Ермек Тілеубаев былай деді:

– Мен Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқыдым. Сол кездің өзінде ол көшбасшылық қырларын көрсететін.

Ал Елбасының тағы бір үзеңгілес серігі, ардагер металлург Қуаныш Омашев былай деп сыр тарқатты:

– Теміртау қаласына келгенде небәрі 17 жастағы жеткіншек едім. Нұрсұлтан Назарбаевпен осы қалада таныстым. Бір курста оқыдық, бірге жұмыс істедік. Күндіз жұмыста болсақ, түнде оқуға баратынбыз. Ауыр жұмысқа шыдамай, елге қайтып кетіп жатқандар да болды. Несін жасырайын, менің де кеткім келген еді. Алайда, бұл ойымды Нұрсұлтан қолдамады. Қайта «Сен кетсең, мен кетсем, кім қалады? Қазақ өнеркәсібін кім көтереді?», деп жігерлендіріп, осында қалуға көндірді. Бүгінде ардагер металлург болып отырғандарды осы жерде қалып, еңбек етуге үгіттеген де Елбасымыз болатын.

Шара барысында тарихи-мәдени орталық, облыстық мұрағат және Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітап­­ханасы бірлесіп шығарған «Сары­арқа төсіндегі кездесулер» кітабы­ның тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта Елбасы­ның 1990 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта Қарағанды облысына жасаған сапарлары туралы газет мақалалары мен мұрағат материалдары топтастырылған.

– Жинақтың негізгі мақсаты – жастар­ға Елбасының өмірі мен қызметі туралы тағылымды ақпарат ұсыну. Мемлекет басшысының 90-шы жылдан бастап, бүгінге дейінгі Қарағанды облысына келген әр сапарын қамтып, кітапқа енгіз­дік, – дейді орталықтың ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы Дәрібек Кетебаев.

Сонымен қатар Президенттің сүйікті әндері және Нұрсұлтан Назарбаевтың жазған туындылары орындалған мере­келік концерт ұйымдастырылды. 

Таяуда аталған орталық Астанадан жеткізілген жәдігерлермен толыққан болатын. Олардың қатарында Президенттің жеке заттары, басқа мемлекеттердің басшылары және танымал саяси қайрат­керлер тарту еткен сыйлықтар бар. Жаңадан қосылған жәдігерлердің ішінде Қазақстан Конституциясының үлкен көркем басылымын атап өтуге болады. Сонымен қатар Олимпиада чем­пио­ны Александр Винокуровтың Прези­дент­ке сыйлаған велосипеді де орта­лық төрінен орын алған. Бұдан бөлек, бұл жерде Елбасының жеке спорт­­тық жаб­дық­тарын: тенниске арнал­ған фор­масы мен ракеткасын да көруге болады. 

Айта кету керек, биыл Тұңғыш Пре­зи­­­денттің тарихи-мәдени орталығы күрделі жөндеуден өткен болатын. Бұған бюджеттен 215 млн теңге бөлініп, ғимараттың іші мен сыртына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы, Теміртау қаласы