Теміртауда алды-артына қарамай қашқан той қонақтары видеоға түсіп қалды

0
460

Карантин шектеулеріне қарамастан ұлан-асыр той жасау тоқтамай тұр, деп хабарлайды ЭК.

Тәртіптке бағынбай той жасап, карантин талаптарын бұзу фактісі бұл жолы Теміртау қаласында тіркелді. Қаладағы Grand Hall мейрамханасында той болып жатқаны туралы хабарлама 102 пультіне 9-тамызда түскен.

Мониторингтік топ көрсетілген мекен-жайға келгенде, мейрамхана әкімшілігі инспекторларды ішке кіргізуден бас тартты. Ал, той қонақтары жертөлеге жасырынбақ болған.

Алайда, сыртқа шыққан соң олар жан-жаққа бытырай қаша жөнелді. Тойға келгендердің бұл әрекетін бақылау тобының мүшелері видеоға түсіріп әлеуметтік желіге жүктеді.

Теміртау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлнұр Әбдіғалиеваның айтуынша, мейрамхана иесіне 670 910 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Қарағанды облысы COVID-19 індетінің тіркелуінің көптігіне байланысты әлі де «қызыл аймақта». Біз осыған байланысты азаматтарды карантиндік талаптарды сақтауға және өз денсаулығы мен жақындарының денсаулығына мұқият болуға шақырамыз,

— деді Гүлнұр Әбдіғалиева.