Телекомға терең бойлау: «Кселл» студенттерге тиімді тағылымдаманы дамытуда
Қазақстанның жетекші мобильді операторы «Кселл» телеком саласына бейімделген болашақ мамандарды даярлауды жалғастыруда. Бұл мақсатта компания бір жыл бұрын түлектер мен жоғары курс студенттері үшін ақылы тағылымдама бағдарламасын іске қосқан болатын. Осы уақыт ішінде екі мәрте оқу курсы өтіп, одан 47 студент білім алды және олардың 14-і Кселл компаниясында тұрақты жұмысқа орналасты. Үшінші оқу ағымында бағдарламаға 3000 студент қызығушылық танытты, оның ішінде 22-сі іріктеуден өтіп, алдағы екі ай ішінде Кселлдің нақты жобаларында жұмыс істейтін болады.
Тағылымдама екі айға созылады: шілде және тамыз. Оқу бағдарламасы 11 бағытты қамтиды, олар: Big Data және CVM, ақпараттық қауіпсіздік, тәуекелдерді басқару және дебиторлық берешек, цифрлық қызметтер, бизнес-жобаларды бақылау, қаржы, техникалық инспекция және т.б. Тағылымдамаға қатысушы әрбір студент ай сайын еңбекақы алады, ал үздік нәтиже көрсеткен жастар компанияда тұрақты жұмысқа орналасады.
«Жаңа форматтағы тағылымдаманы жүзеге асыру идеясы бір жыл бұрын пайда болды. Біз жас таланттарды қолдап, олардың кәсіби өсуіне ықпал еткіміз келді. Нарықта даму және оқыту мүмкіндіктерін қажет ететін әлеуеті зор жас мамандар жетерлік. Біздің тағылымдама оларға практикалық дағдыларды игеруге және телекоммуникация саласын жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Бұл өзара тиімді процесс: жас мамандар бізден үйренеді, ал біз үйреншікті міндеттерге жаңа көзқараспен қарай аламыз», — дейді «Кселл» АҚ адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Раушан Рамазанова.
Тағылымгерлер компанияның нақты жобаларына қатысуға мүмкіндік алады. Бұған бағдарлама ұрандары да дәлел: «Күнделікті күйбең тапсырмаларды ұмыт, Кселлде тағылымдамадан өту арқылы, нақты бизнес – жобалармен жұмыс жаса» делінген мұнда. Айта кету керек, әр бағыт бойынша тәжірибелі тәлімгер-кураторлар студенттерге өз бетінше орындауды талап ететін жеке тапсырмалар дайындайды.
«Біз тағылымдамадан өту бағдарламасын іске қосқан кезде, ол соншалықты танымал болады деп ойлаған жоқпыз. Жобаны тіпті жарнамалаған да жоқпыз. Бұл жерде бұрынғы оқып кеткен студенттердің жақсы пікірлері көп әсер еткенге ұқсайды, себебі әр оқу маусымында ниет білдіргендер саны артуда. Мысалы үшінші оқу маусымына 3000-нан астам жас үміткер бақ сынауға ниет білдірді. Іріктеу қорытындысы бойынша бағдарламаға 22 тағылымгер өтіп, бүгінде оқуды бастап кетті. Олар жақсы нәтиже көрсетсе біздің ұжым мүшесі болып, жұмысқа қабылданады. Қазір алдыңғы оқу маусымдарында үздік нәтиже көрсеткен 14 түлек біздің компанияның әртүрлі бөлімшелерінде жұмыс істейді», — деп атап өтті «Кселл» АҚ адам ресурстарын басқару департаментінің сарапшысы Ярослава Макарова.
Бағдарламаға іріктеу процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Финалдық іріктеу офлайн форматта өтеді, онда ең мықты үміткерлер күні бойы әртүрлі департаменттердің басшылары дайындаған бизнес-кейстерде жұмыс істейді.
«Big Data&CVM бөлімшесі үміткерлерді іріктеуге міне осымен үшінші рет қатысып отырмыз. Осы уақыт ішінде өзімізге қажетті мамандарды үйретіп қатарымызға қостық. Айта кетейін бәсекелестік аса жоғары: бір орынға 8 үміткерден келіп отырды. Тағылымдама аясында біз студенттердің бастамасы мен шығармашылығына басымдық береміз, әрі оларға білім беріп қана қоймай, компанияның корпоративтік мәдениеті мен құндылықтарын сіңіруге, оларды одан әрі кәсіби өсуге шабыттандыруға ұмтыламыз», – дейді Big Data және клиенттік құндылықты басқару департаментінің менеджері Константин Старков.
Бұған дейін өткен оқу маусымын сәтті аяқтаған тағылымгердің бірі – Әлихан Балтабаев. Ол тағылымдама туралы ақпаратты көрген мезетте, ойланбастан өтінім бергенін айтады. Қазір түлек Кселлдің командасының құрамында және бүгінгі таңда оператордың скоринг платформасын жобалау бойынша кіші инженер болып жұмыс істейді.
«Мен қаңтардағы қысқы тағылымдамаға қатыстым және курсты аяқтағаннан кейін кураторым компанияда қалып, ресми жұмысқа орналасуды ұсынды. Әрине қуана келістім, сонымен қатар Алматы энергетика және байланыс университетінде оқуымды жалғастырып келемін. Қазір мен компанияның бизнес-процестерін жетілдіруге мүмкіндік беретін және келісімшарттық смартфондарды рәсімдеу кезінде әлеуетті клиентті тексеруді жеңілдететін арнайы скоринг платформасын әзірлеуге қатысып жүрмін. Бұл бастама студенттерге тиімді жұмыс тауып қана қоймай, байланыс операторларының жұмысын іштей түсінуге мүмкіндік беретін үздік жоба деп санаймын», – дейді «Kcell Summer Camp» екінші легінің тағылымгері Әлихан Балтабаев.
Әзірге тағылымдама Алматы жоғары оқу орындарының түлектері мен студенттері үшін ғана қолжетімді, дегенмен сұраныс пен жоғары қызығушылықты ескере отырып, компания бағдарлама аясын кеңейтіп, еліміздің басқа қалаларында да іске қосуды жоспарлап отыр.
Тағылымдама бағдарламасы – компанияның таланттарды дамыту, жастарды қолдау және корпоративтік көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеу жөніндегі стратегиясын іске асырудағы маңызды қадам.