теледебат кезінде кандидаттар не айтты

0

НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр — Sputnik. Тікелей эфирде өткен Қазақстан президенттігіне кандидаттардың арасындағы дебатқа үш кандидат қатысқан жоқ. Олардың орнына сайлауалды штаб басшылары келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

 

Дебаттың алғашқы бөлімінде кандидаттар мен олардың өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламаларын бір жарым минуттың ішінде жеткізді. Теледебат басталмас бұрын жеребе тартылған болатын. Соның нәтижесінде алғашқы сөз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкіліне берілді. Оның атынан Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев сөйледі.

Nur Otan партиясы: Сабақтастық, әділдік және өрлеу

«Біздің кандидатымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы үш нақты қағидаға табан тірейді. Олар – сабақтастық, әділдік және өрлеу. Қасым-Жомарт Кемелұлы елбасымыздың экономика саласындағы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, тұңғыш президентіміздің барлық стратегиялық бағдарламаларын тиімді жалғастыруды өзінің негізгі мақсаты етіп анықтап отыр. Бұл жұмыстардың барлығы әділдік, яғни, заң үстемдігі аясында жүзеге асырылатын болады. Біздің кандидатымыздың экономика саласындағы бағдарламасы халқымыздың әл-ауқатын ары қарай арттыруға және елімізді 30 дамыған мемлекеттердің қосылуына бағытталған», — дейді Әшімбаев.

Оның сөзіне қарағанда, нарықты отандық тауарлармен толтыруға негізгі басымдық беріледі. Ол үшін қазақстандық бизнеске қолдау жасалады. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп, қаржы жүйесі мен инфрақұрылымды дамыту шараларын күшейту жоспарланған.

«Ауыл» партиясы: Ауыл шаруашылығы — Қазақстан экономикасының қозғаушы күші

Аталған ұйымның кандидаты Төлеутай Рақымбеков те теледебатқа қатысқан жоқ. Оның атынан «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев келді.

«Ел экономикасын дамытудың басты бағыттарының бірі де бірегейі ауыл шаруашылығы деп ойлаймыз. Біріншіден, ауыл шаруашылығы — ол біздің мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігі. Өзінің халқын азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отырған мемлекет қана мықты мемлекет болып саналады. Мұнай мен газдың, жерасты байлықтарының таусылатын, таусылмаса, үнемді қажет ететін уақыттар келеді. Бірақ халықтың азық-түлік өндірісі әруақытта дамитын болады», — деп атап көрсетті Бектаев.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын Қазақстан экономикасының қозғаушы күшіне айналдыруға болады. Бүгінде осы саладағы өнімдердің біраз бөлігі сырттан келеді. Ал көрші Ресей мен Қытайдың өзіне 5 миллиард доллар көлеміде қара малдың етін сатуға болады. Аталған көрсеткіш астық экспортынан да артық.

Коммунистік халық партиясы: Қашқын олигархтарды сотқа береміз

Ал Қазақстанның коммунистік партиясының кандидаты Жамбыл Ахметбеков теледебатқа өзі келді. Өз сөзінде ол марксизмнің қанатты сөздерін еске түсіріп, қазіргі заманда олигархтар, трансұлттық компаниялар мен делдал алыпсатарлардың алшаң басып жүргенін жеткізді.

«Біз барлық қашқын олигархтарды елге қайтарып, сотқа тапсыруды көздейміз. Себебі олар зейнеткерлер мен қарапайым халықтың ақшасын ұрлап кетті. Осы саладағы заңнаманы күшейту керек. Бүгінде адам емес, капитал басты құндылыққа айналды. Сондықтан тұтынушылықты тоқтатып, кредитті оңды-солды беруді доғару қажет. Кооперацияны жаңғырту керек», — деді Ахметбеков.

Коммунистердің кандидаты Еуразиялық экономикалық одақ пен «Бір жол – бір белдеу» бастамасын қолдайтынын жариялады. Себебі аталған нарықтарды барынша пайдалануға болады.

«Ұлы дала қырандары»: Мұнайдан түсетін пайданы әрбір қазақстандық көруі қажет

«Ұлы дала қырандары» республикалық бірлестігінің үміткері Сәді-Бек Түгелдің айтуынша, тәуелсіздіктің арқасында ел экономикасы қарқынды дамып, Қазақстан әлем таныған мемлекетке айналды. Алайда қордаланған мәселелер де жоқ емес.

«Жекешелендірудегі үлкен қателіктеріміздің бірі – жайлап алған жексұрын жемқорлық. Бүгінгі таңда коррупция отандық экономиканың дамуына орасан зор зиян тигізіп, аяғына тұсау, жолына тосқауыл болып отыр. Жең-ұшынан жалғасқан жемқорлықтың кесірінен аса маңызды кешендер мен нысандарымыз, қазба байлығымыздың көп бөлігі жеке меншікке өтіп кеткен. Бұл жерде біздің ұстанымымыз айқын, батыл шешімдер арқылы шетел асып кеткен миллиардаған қаржылар мен активтерді елімізге қайтарып, әрбір қазақстандықтың игілігіне жарату. Сонымен қатар, мұнай-газ және басқа да табиғи қазба байлықтарынан түскен пайда Норвегия мен Араб Әмірліктері сияқты әрбір қазақстандыққа бөлініп берілуі керек», — деп атап көрсетті Түгел.

Кандидат жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін де шешуді көздейді. Себебі олардың мойнынан бітпейтін кредит, ал базарда арба сүйреп жүрген ауылдың жастары көп.

«Ұлт тағдыры» қозғалысы: Халық билікті тоңазытқыштағы азық-түлікпен бағалауы керек

«Ұлт тағдыры» қозғалысының кандидаты Әміржан Қосанов та өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын жеткізді.

«Экономика — кез келген мемлекеттің іргетасы. Экономикадағы жетістіктерге қарап, халық үкіметке өз бағасын береді. Әр адам үкіметтің құрғақ есебіне емес, тоңазытқышында не бар, ондағы азық-түліктің бағасы қалай өсіп барады, соған қарай билікті бағалайды. Әрине, бізде нарықтық экономика бар, бірақ қазір оның басты екі сырқаты бар. Ол – монополизм және олигархизм», — дейді Қосанов.

Оның ойынша, әділ бәсекелестік төмендеді. Ал қолжетімді кредиттердің жоқтығы, салықтар және басқа да төлемдер бизнеске кедергі болып отыр.

«Бизнестің аяғына тұсап отырған жемқорлықты жоюдың төрт жолы бар. Олар – билік тармақтарының тепе-теңдігі, көппартиялы парламент, еркін баспасөз және әкім-қараларға бағынбайтын тәуелсіз сот. Менің бағдарламамда халықтық экономика туралы айтылған, яғни, экономика ат төбеліндей алпауыттардың емес, халықтың мүддесіне қызмет етуі тиіс. Ең басты шешімдерді халықтың өзі қабылдауы қажет», — деп атап көрсетті Қосанов.

«Ақ жол» партиясы: Әділ бәсекелестік болуы тиіс

Президенттікке кандидат Дания Еспаева теледебатқа қатыспады. Оның атынан «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев сөйледі.

«Дания Еспаева өз бағдарламасында экономиканың дамуына ерекше назар аударған. Ең алғашқы талап, адал бәсекелестікті қамту. Себебі дамудың басты тежегіші ол – монополизация. Әділ бәсекелестік болмаса, табысты экономика болмайды. Бүгінде ұлттық компаниялардың үлесі 60-70 процентке дейін барады. Олар жекеменшік кәсіпорындарды ығыстырып тастады. Содан болар, ұлттық компанияларда өтетін сатып алулар бір арнадан жасалады. Бұл – жемқорлықтың бір белгісі», — деді Перуашев.

Оның айтуынша, банктердің проценттік ставкаларын да қысқарту қажет. Ал қаржыландыруды қорлар арқылы жасаған дұрыс. Еуроодақтың үлгісінде экономиканың негіздгі салалары үшін қосарланған құн салығының төмен ставкаларын да енгізген жөн.

«Мұнай өндіруші аймақтарда шағын және орта бизнестің үлесі аз. Бұл дегеніміз, шетелдік инвесторлар киім-кешектен бастап құрал-жабдықтарға дейін бәрін сырттан сатып алады. Сөйтіп, шенеуніктердің үндемей отырғанын пайдаланып, ақшаның бәрін шетелге шығарып жатыр», — дейді Перуашев.

Кәсіподақтар федерациясы: Ауылдан келген жастарға жатақхана беру керек

Кәсіподақтар федерациясының кандидаты Амангелді Таспихов та экономика мәселелеріне басымдық жасады.

«Атап айтқанда, мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту қажет. Монополияға қарсы шектеу қойып, бәсекелестікті дамыту керек. Стратегиялық салаларда шетелдік компаниялардың үлесін азайтып, барлық пайданы халықтың игілігіне жұмсау қажет», — деді Таспихов.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығымен айналысуға ынтасы бар адамдарға қолдау жасап, алғашқы бес жылда салық салмау қажет. Ал ауылдан келген жастарға жатақхана таратқан дұрыс.

Дебат кезеңдері

Айта кетсек, үш кезеңнен тұратын пікірталас «Қазмедиа орталығы» медиакешенінде өтті. Пікірталастың жүргізушілері – Ерлан Игісінов пен Қымбат Досжан.

Бірінші кезеңнің тақырыбы – «Қазақстанның экономикалық дамуының басымдықтары». Ол екі айналымды қамтиды. Бірінші айналымда әрбір кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Екінші айналымда қатысушылар қарсыластарына екі сұрақтан қойды, сондай-ақ екі сұраққа жауап берді.

Екінші кезеңнің тақырыбы – «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы». Бірінші айналымда президенттікке кандидаттар тақырып бойынша сөз сөйледі, ал екінші айналымда жүргізушінің бір сұрағына жауап берді.

Үшінші кезеңнің тақырыбы – «Сайлаушыларға сөз». Президенттікке үміткерлер Қазақстан халқына үндеу жасады.

Сайлауалды дебаттың қатысушылары

Сайлау алдындағы дебатқа қатысушылар (жеребе бойынша):

  • Nur Otan партиясы атынан Мәулен Әшімбаев (Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі);
  • «Ауыл» партиясы атынан Әли Бектаев «Төлеутай Рақымбековтің сенімді өкілі);
  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел;
  • «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Азат Перуашев (президенттікке үміткер Дания Еспаеваның өкілі);
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов.



sputniknews.kz