«Тек армандай бермей, жұмыс бастау керек»: 4 сиырын 50 сиырға жеткізген кәсіпкер табысқа жетудің құпиясымен бөлісті

0
1725
Сурет: kaz.nur.kz

30 жасында кәсіп бастап, ісін дөңгелетіп отырған ақтөбелік Ерлан Тобағабылов халыққа мал өсіруге кеңес береді. Бүгінде жеке шаштараз ашып алған кәсіпкер қазір 50 сиыр бағып отыр. Жылқысы да бар. Вахталық әдіспен жұмыста жүріп, кәсіпкерлікті таңдаған азамат жетістікке жетудегі құпиясымен бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

«2015 жылы шаштараз орталығын аштым. Ол кезде қолымда бір тиын ақша болған жоқ. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорында оқып, 1 миллион теңге көлемінде несие алдым. Ақшаны құрал жабдықтарға, орталықты салуға жеткіздім», – деп бастады әңгімесін Ерлан Тобағабылов.

Ерлан Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында тұрады. Келіншегі екеуі бір бөлмелі шаштараз ашуды армандаған. Бүгінде ол армандарына қол жеткізген.

«Өзім бұрын вахталық әдіспен жұмыс істедім. Сол кезден бастап шаш қиып жүрдім. Күндіз жұмыс істеп, кешкілік оншақты адамның шашын қиямын. Ол да қосымша қаржы. 300-400 теңгеге шаш қия беремін. Соның өзінде жақсы ақша тауып жүрдім. Кейін өмірімнің жартысы бала-шағасыз отбасымнан сыртта өтіп жатқанын ойлап, жеке кәсіппен айналысуды ойладым», – дейді Ерлан. 

Ерлі-зайыптылар ашқан шаштараз қазір ауылдың орталығында 6-7 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Ерланның айтуынша, қала іргесіндегі ауыл шаштаразына орталықтан келіп шаш қидыратындар көп.

«Шаштараздың есігі жабылмайды. Тұрақты келетін адамдарымыз бар. Қалада жұмыс істейтіндердің өзі ауылға келіп қидырады. Тиімді арзан. Іс жүріп жатыр. Мұнымен тоқтап қалмайық деп, келіншегімді «Бастау Бизнес» жобасымен оқытып, 2 млн теңге алдық. Бұрын қорамызда өзіміздің 4-5 сиырымыз болды. Бағдарламаны оқудың нәтижесінде тағы 8 сиыр алдық», – дейді ол.

Сурет: kaz.nur.kz

Жас отбасы жетістікке еңбекпен қол жеткізгенін жасырмайды.

«Кейін өзім де мемлекеттік бағдарламаны оқып, 4 млн теңге несие алып, 20 бас ақбас сиыр сатып алдым. Қазір осы шаруаны айналдырып, еңбектеніп отырған жайымыз бар. Үйдің қасына шағын шаруа қожалығын салдық. Әкімдік көмек көрсетіп, жер берді. Қазір жайылымдық жеріміз де бар», – дейді кәсіпкер. 

Жас отбасы мемлекет тарапынан берілген кәсіпкерлік мақсаттағы қайтарымсыз несиемен 550 мың теңге грант ұтып, жылқы да алған. Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдалана алған отбасы енді туыстарын кәсіпке тартып жүр.

«Жаздай бие сауып, қымыз ішіп, қалғанын саттық. Ебін таба алсаң, малда пайда бар екенін көрдік. Өзімнің де жылқым болатын. Қазір бес бас жылқым бар. Әрі қарай мемлекеттік бағдарламамен жеңгемді оқыттым. Ол да грантқа қатысты. Шаштараз ғимаратындағы келесі бөлмені дайындап қойдым. Сәтін салса, визажист қызметін көрсетеміз», – дейді Ерлан. 

Ерланның туған ағасы да мемлекеттік бағдарламамен тракторшы мамандығын тегін оқып алған. Енді бауыры да трактор алып, ауылшаруашылығы саласына өз үлесін қоспақ.

«Адам алдына мақсат қойып, армандай білу керек. Сол жолда еңбек етсең, бәрі де орындалады. Талпыну керек. Алғашында 10 сиырым болса деп армандасам, қазір оның саны 50-ге жуықтады. Бір бөлмелі шаштаразым болса деп қанша армандадым, шүкір, қазір жеке орталығымыз бар. Оны әрі қарай дамытып, сұлулық салоны қылғымыз келеді», – дейді ол. 

Жас кәсіпкер бүгінде ауылдастарына мемлекеттік бағдарламаны қалай тиімді пайдалануды үйретіп жүр. «Қолымнан келгенше қасымдағыларға көмектесемін. Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдалануға болатынын түсіндіріп жүрмін. Құжат рәсімдеу жолын үйретемін. Отбасыма, ауыл адамдарына көмектескім келеді. Тек армандай бермей, жұмыс бастау керек. Мал бағу керек, пайдасы мол. Кейбіреулер үстіңнен малдың иісі шығып тұр деп айтып жатады.

«Ол-ақшаның иісі» деп әзілдеймін. Бала кезімізден малдың қасында өстік, қыр-сырын білеміз. Арманым – Жақсылық Үшкемпіров ағаларымыз секілді бір ауылды асырап отыратын кәсіпкер болғым келеді. Көпбалалы отбасыларға баспана салып беруді армандаймын», – дейді Ерлан Тобағабылов. 

Ерлан қазір жұбайымен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. «Үлкенім 13 жасқа толады. Қасымда көмектесіп жүреді. Өзінің еншісін беріп қойдым.

«Менің малым» деп төлінің қасында жүреді. Қасымда ағам көмектесіп жүр. Ең бастасы – ата-анам, бауырларым қолдау білдіріп отырады. Бір өзім ештеңе бітіре алмас едім. Жетістігімнің бәрі жақындарымның қолдауының арқасында», – дейді ақтөбелік кәсіпкер.