Тегін сүт таратып жатыр | «Айқын» газеті

0
122

Еліміз бойынша жастар жұмыссыздығын жою, оларды ынталандыру мақсатында қолға алынған Jas projekt жобасына Қордай ауданынан 45 жоба ұсынылып, соның 15-і өткен. Сол он бестің бірі – «Игі іспен – бизнеске» атты кіші жобасы.

Мадияр, Данияр, Бақтияр және Динара есімді ағайынды Қарабаевтар­дан құралған топ жоба бойынша Кенен ауылындағы бірқатар отбасыларға сүт өнімдерін тегін таратуды мақсат еткен. Олар қолдарына тиген 1 миллион теңге қаржыға тамыз айында бұзаулы екі сиыр сатып алып, бүгінде ауылдағы жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты қарияларға сүт және сүт өнімдерін таратып беруде. Топ көшбас­шы­сы Мадияр Қарабаев жас кәсіпкер ретінде бүгінде аудан жастары­мен өткі­зі­летін жиындарға жиі қатысып, жақсы көрсеткіштерге жетуге талпынып жүр.
– Болашақта осы кәсіпкерлікпен, яғни, сүт бағытындағы мал шаруашы­лы­ғымен айналысуды қалап жүрмін. Jas projekt аясында жақсы көрсеткішке жеткен кіші жобаларға келер жылы тағы да жалғастыруға мүмкіндік береді екен. Қазір соған талпынып, алған міндетімізді мейлінше сапалы әрі көпшіліктің көңілінен шығатындай етіп орындап келеміз, – дейді топ жетекшісі М.Қарабаев.
Мадияр қандай кәсіп бастасаң да тәуекелге бара білу керек екенін жақсы біледі. «Игі іспен – бизнеске» жобасын қыр­күйек айында ауыл тұрғындары алдын­да таныстырып, ашылу салтана­тын өткізген сәтте аздап толқығанын жасырмады. Кейін сүт өнімдерін тегін алып жүрген жандар алғысын жауды­рып, ауылдастарының ықыласына бөленгеннен кейін ішкі толқынысы басылады. Қазіргі уақытта алып жүрген стипендиясы да ағайындылардың кәсіп­керлікке деген ынта-жігерін еселей түсті
– Осындай жоба ұйымдастырған дүниежүзілік банк пен Білім және ғылым министрлігіне алғысымыз шек­сіз. Кезінде төрт күн кәсіпкерлік бойын­ша арнайы тренерден тәлім алған біз бүгінде жоба аясында әр қайсысымыз ай сайын 40 000 теңгеден стипендия алсақ, жоба көшбасшысы ретінде Мадияр 60 000 теңге алып отыр. Ал атқарған жұмыстарымыз бойынша айына бір рет жобаның республикалық орталығына есеп беріп келеміз. Аудандағы ең жас кәсіпкер Мадияр бауырымыз болашақта ауқымды іске көшкісі келеді. Ол үшін болашақ бизнесінің жоспарын да дайындап қойды, – дейді Мадиярдың әпкесі Динара Қарабаева.
Бұл ағайынды төртеу жоба бойынша 6 ай ішінде 35 отбасыны сүт және айран, құрт, ірімшік, қаймақ сынды сүт өнімдерімен қамтуы керек. Ол үшін арнайы кесте түзіп қойыпты. Күніне бір отбасыға екі-үш литр сүт, сондай мөл­шерде сүт өнімдерін таратып тұруы тиіс.
– Jas projekt жобасы жайлы және ол бойынша жастар қандай игі шаруалар атқарып жатқанын ақпарат құралдары­нан көріп, оқып-біліп жатырмыз. Жастарға деген мұндай қамқорлық қашанда керек, әрине. Есесіне олар қаншама игілікті, қайырымды іспен айналысып, тіпті ары қарай кәсіппен айналысып кетуіне жол ашылып жатыр. Мадияр да жеке тірлігін бастап, шаруа­шылықпен айналысуға талаптанып жүр екен. Қадамына сәттілік тілейміз. Оның сүт өнімдерінен біз де шет қалып жатқан жоқпыз, алғысым шексіз, – дейді Кенен ауылының тұрғыны Ғалия Қожамқұлова.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ,
Жамбыл облысы

Дереккөз: Айқын