Тәжікстанда «жаңа жылдық шыршаны өртемек болған» ер адам ұсталды

0

Тәжікстанда Куляб қаласының полициясы «жаңа жылдық шыршаны өртемек болды» және «полиция қызметкеріне шабуыл жасады» деген күдікпен Фарход Азизхан есімді 27 жастағы қала тұрғынын ұстады. Жергілікті полициядағы дереккөз Азаттықтың Тәжік қызметіне оқиғаның 23 желтоқсанда болғанын айтқан.

Аты-жөнін айтпаған полиция қызметкерінің сөзіне қарағанда полиция Азизханды қаладағы алаңда «жаңа жылдық шыршаға бензин шашып жатқан кезде» ұстаған. Оның айтуынша, күдікті өзін ұстауға тырысқан полиция қызметкеріне де шабуыл жасап, ақырында полицейлер оны ұстап әкеткен. Дереккөз оқиға кезінде ешкімнің зардап шекпегенін айтты.

Азаттықтың Тәжік қызметі бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздерінен растай алмаған. Азизханның туыстары түсініктеме бермеген.

Куляб қалалық полициясы Азизханның ұсталғанын растағанмен оны ұстау себебін түсіндірмеды. Озоди радиосының хабарлауынша, Чармгарони Поён ауылының тұрғыны бұрын есірткі саудасы бойынша айыпталып, бір жыл бұрын түрмеден босап шыққан. Құпия дереккөзінің айтуынша, полиция оқиғаға байланысты іс қозғаған.

Azattyq