Тәжікстанда тыйым салынған партияның экс-мүшесі 15 жылға сотталды

0
61

Тәжікстанда тыйым салынған «Ислам жаңғыру партиясының» Исфара аймағы бойынша бөлімінің бұрынғы жетекшісі Наимджон Самиев 15 жылға сотталды. Сот 9 сәуірде Ходжанд қаласында өтті.

Самиев «жарылғыш заттарды сақтады, экстремистік қауымдастық құрды және қылмыстық ұйыммен байланыс орнатты» деп айыпталған. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Айыпталушылардың туыстары сотқа қатыса алмағандарын айтты.

56 жастағы Наимджон Самиев 2018 жылы 1 желтоқсанда Шешенстанда ұсталған. Тәжікстан билігі Самиевті не үшін ұстағанын айтпаған. Ақпанда Youtube желісінде Самиевтің видео мәлімдемесі жарияланған. Видеода Самиев Мәскеуден Душанбеге өз еркімен оралып, билікке берілгенін айтқан.

2015 жылы Тәжікстан қорғаныс министрінің орынбасары болған Абдухалим Назарзода билікті басып алмақ болған. Кейін ресми Душанбе «Тәжікстанның ислам жаңғыру партиясын» «Назарзодаға көмектесті, билікті басып алмақ болды» деп айыптап, елде тыйым салған. Партия жетекшісінің екі орынбасары Саидумар Хусайни мен Махмадали Хаит өмір бойына сотталған. Тәжікстан жоғарғы соты партияны «террорлық ұйым» деп таныған.

«Тәжікстанның ислам жаңғыру партиясының» лидері Мухиддин Кабири Душанбе таққан айыптарды жоққа шығарады. Кабири 2015 жылдан бері шетелде тұрады. Батыс елдері «Тәжікстанның ислам жаңғыру партиясын» террорлық ұйым тізіміне қоспаған.

Azattyq