Тәжікстан ұлттық және діни араздыққа кесілетін жазаны жеңілдетпек
Тәжікстан билігі ұлтараздық, нәсілшілдік және діни араздыққа байланысты қылмыс жазаларын жеңілдетпек. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады.
Тәжік қызметінің дереккөзі «қазір елдің Қылмыстық кодексіне өзгерту енгізіліп жатқанын» айтқан. Қазіргі заңнама бойынша, осы баптармен кінәлі деп танылғандар 5-12 жылға дейін түрмеге кесіледі.
Тәжікстан әділет министрлігінің өкілі Сарвар Холикзода «айыпталушы қылмысты бірінші рет жасаса, қоғамға қауіпті болмаса және істегеніне өкінсе, ол әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін» дейді.
Тәжікстанда бүгінде ондаған адам әлеуметтік желілердегі жазбаларға лайк басқаны үшін, материалдарды көшіріп жариялағаны үшін ұлтараздық, нәсілшілдік және діни араздықты қоздырды деген айыппен түрмеде отыр. Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізілсе, олардың ісі қайта қаралуы мүмкін.