Тәжікстан түрмесіндегі бүлік кезінде «ондаған азаматтың» қаза тапқаны хабарланды

0
49

Тәжікстан әділет министрлігі 19 мамырда Душанбеден 25 шақырым жерде жатқан Вахдат қаласындағы қатаң режимдегі түрмеде сотталғандардың бүлік шығарғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, бүлік кезінде үш күзетші мен жазасын өтеп жатқан бірнеше азамат қаза тапқан.

Билік хабарына қарағанда, жергілікті уақытпен 20.30 шамасында пышақ пен өткір заттар ұстаған 30-ға тарта сотталған азамат түрменің үш күзетшісін кепілде ұстап, артынша оларды өлтіріп өздерін босатуды талап еткен. Министрлік бүлікті «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының қызметіне араласқаны үшін сотталғандар шығарғанын айтады.

Қаза тапқандардың нақты саны айтылмайды. Reuters агенттігі дереккөздеріне сілтеп, бүлікті басу кезінде 29 сотталған азаматтың өлтірілгенін хабарлады. Шетелдегі тәжік оппозициясының өкілдері өз дереккөздеріне сілтеп, «өлгендер өте көп» деп жазды. Куәгерлер атыстың жарты сағатқа жалғасқанын айтады.

«Тәртіп сақтау туралы түрме әкімшілігінің талабына бүлік шығарғандар бағынған жоқ. Бірнеше қызметкерді жаралады. Әкімшілік жағдайды реттеу үшін батыл шешім қабылдады. Салдарынан бірнеше адам қаза тапты» деп жазылған министрлік хабарламасында. Душанбенің мәлімдеуінше, абақтыдағы жағдай қалыпты, органдар оқиғаны тергеп жатыр.

Azattyq