Тәжікстан президенті Путинге: Орталық Азия елдеріне бұрынғы КСРО ретінде қарамауыңызды сұраймын
Астанадағы жиында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путиннен Орталық Азия елдеріне бұрынғы Кеңес Одағындағыдай саясат жүргізбеуді сұрады, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі.
Астанада өтіп жатқан «Орталық Азия – Ресей» саммитінде сөз сөйлеген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон ресейліктерге өкпелі екенін жеткізді.
«Біз сіздермен Кеңес Одағының күйреуіне куә болдық. Қазіргідей, біз шағын республикаларға, шағын халықтарға назар аударылмағанына куә болдық. Дәстүрлер, әдет-ғұрыптар ескерілмеді. Дамуға қолдау көрсетілмеді. Сіз кеше екі миллион (Тәжікстаннан Ресей Федерациясына қоныс аударған мигранттар-авт) туралы айтып қалдыңыз. Бұл біздің екі миллионнан астам азаматымыз Ресей Федерациясына тек табыс табу үшін ғана емес, оқу үшін, емделу үшін баратынын сізге айтқым келеді», – деді Эмомали Рахмон «Орталық Азия – Ресей» саммитінде.
Оның айтуынша, Ресей Тәжікстанмен азық-түлік ынтымақтастығын жүргізіп, тауар айналымын дамытуда. Алайда Тәжікістан тиісті деңгейде құрмет көрсетілмейді.
“Бизнес форум өткізген кезде біз сіздердің министріңізді шақыра алмадық. Түкке тұрғысыз форум үшін неге біз жалынуымыз керек? Мен сыртқы істер министріне тапсырма бердім, өзіңізге де тым болмаса министр келіп қатыссын дедім. Форумды министрдің орынбасары қатысатын деңгейде бағалады. Менің ойымша, Тәжікстан лайықты стратегиялық серіктес. Біз солай істеп жатырмыз ба? Иә, 100-200 миллион емеспіз. Бірақ бізді де құрметтеуді қалаймыз. Қай жерде қателестік? Әлде дұрыс амандаспай өтіп пе едік? Біз әрдайым өзіміздің стратегиялық әріптесімізді сыйлаймыз. Тиісінше бізді де сыйлағанын қалаймыз. Біз не бөтенбіз бе? Бізге көп ақша салудың қажеті жоқ. Владимир Владимирович, сізге өтінішім бұрынғы Кеңес одағындағыдай Орталық Азия елдеріне саясат жүргізбеуіңізді сұраймын”, – деді Тәжікстан президенті.