Тәжікстан мен Қырғызстан жер телімдерін алмасу жайын талқылады

0

Тәжікстан мен Қырғызстан мемлекеттік шекарадағы тұрақтылық үшін жер телімдерімен ауысу мәселесін талқылады. Бұл туралы 8 сәуірде Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Душанбеде өткен шекара делимитация және демаркация жөніндегі қырғыз-тәжік үкіметаралық комиссиясының отырысынан соң хабарлады деп жазады Азаттықтың тәжік қызметі.

Жиын кезінде қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасының желісін сипаттауды жалғастыру, мемлекетаралық шекараның 1:10 000 масштабындағы ірі ауқымдағы делимитациялық топографиялық карталарын жасауды аяқтау мәселелері талқыланды.

Кездесуге Тәжікстан тарабын – вице-премьер Азим Иброхим, Қырғызстан делегациясын вице-премьер Женис Разаков бастап келді.

Азаттықтың тәжік қызметімен сөйлескен вице-премьер Иброхим кездесу кезінде «біршама алға жылжу барын» айтқан. Басқа сұрақтарға премьер жауап берген жоқ.

Келіссөз қырғыз-тәжік шекарасында 13-14 наурызда болған даудан соң өтіп отыр. Ресми дерек бойынша, екі тараптан да жапа шеккендер бар – 20-дан аса адам жарақат алып, Тәжікстанның екі азаматы қаза тапқан.

Қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 971 шақырымға тең. Қазірге дейін оның 450 шақырымына делимитация жұмыстары жүргізілмеген.

2014 жылы қырғыз және тәжік шекарашылары бірнеше рет қақтығысып қалған, екі жақтан да оқ атылды.Кейін екі ел үкіметтері келіссөз өткізіп, Варухтан Тәжікстанның Исфара қаласына дейін жеке жол салу туралы келісім жасаған.

Соңғы алты жылда Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында оннан астам жанжал болды. Кейбірінде атыс қаруы қолданылған.

Azattyq