Тәжікстан билігінен журналист Далер Шарифовты босатуды талап етті

0

Тәжікстанда ондаған басылым қызметкерлері мен бірқатар журналистік және қоғамдық ұйымдар қамауға алынған журналист Далер Шарифовке қолдау білдірді. Олар 3 ақпанда жасаған бірлескен мәлімдемеде парламенттік және президенттік сайлаудың алдында журналистің қамауға алынуы елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіретінін айтқан.

Мәлімдеме авторлары билікті тергеу аяқталғанға дейін Шарифовты үйқамаққа шығаруға, тергеу ісін әділ жүргізуге және сөз еркіндігіне кепілдік беретін барлық талаптарды сақтауға шақырды.

Мәлімдемеге 35 журналист, Тәжікстандағы тәуелсіз БАҚ ұлттық ассоциациясы, «Хома» («Қалам»), Азаматтық бостандықтар кеңсесі, «Дунёи хукук» («Құқық әлемі»), «Адам құқығы және заңдылықты сақтау», «Адам құқығын қорғау тәуелсіз орталығы» және «Перспектива+» қоғамдық ұйымдары қол қойған. Билік әзірге үндеуге байланысты пікір білдірген жоқ.

32 жастағы Далер Шарифов 28 қаңтарда Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне тергеуге шақырылғаннан кейін қамауға алынған. Соның алдында милиция журналистің Душанбедегі үйіне тінту жүргізіп, компьютері мен бірнеше кітабын алып кеткен. 30 қаңтарда Душанбенің Исмоили Сомони аудандық соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған.

Журналистің үстінен «ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру» бабы бойынша іс қозғалған. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам бес жыл мерзімге дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

Далер Шарифовтың туыстары мен Тәжікстандағы журналистік ұйымдар бұл айыптауды жоққа шығарады. Олар журналистің «дін мәселесінде сауатты» және «діни экстремизм мен терроризмге қарсы ой-пікірін үнемі білдіріп келгенін» айтады.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз