Тәжікстан 80 ауған тұтқынын еліне қайтарды

0

Тәжікстан билігі елдегі түрмелерде жазасын өтеп жатқан Ауғанстанның 80 азаматын Кабулға тапсырды. Ауғанстанның Душанбедегі елшілігінің баспасөз хатшысы Фахим Кухдоманидің Азаттықтың Тәжік қызметіне хабарлауынша, олар 28 шілдеде тәжік-ауған шекарасындағы «Панджи поён» бақылау-өткізу пункті арқылы еліне қайтарылған.

Ауған дипломаттарының мәліметінше, бұған дейін Тәжікстанның түзеу мекемелерінде 90-нан ауған азаматы жазасын өтеп жатқан. Олардың көбі — есірткі контрабандасы мен ауған-тәжік шекарасынан заңсыз өткені үшін сотталғандар. Тәжікстан түрмесінде аса ауыр қылмыс жасаған, оның ішінде «террористік шабуылдарға қатысы бар, тәжік шекарашыларын жаралаған контрабандистер» деген айыппен жауапқа тартылған ауған азаматтары қалған.

Душанбе Кабулға тапсырға ауған азаматтары қалған жаза мерзімін отанында өтейді.

Бұған дейін маусым айының соңында Ауғанстан билігі ел аумағында жазасын өтеп жатқан тәжік азаматтарының соңғы тобын Тәжікстанға берген.

«Ауғанстан түрмесіндегі сегіз адам тәжік астанасына жеткізілді. Осылайша ауған түрмесінде біздің бірде бір отандасымыз қалмады» деген Тәжікстанның Кабулдағы елшісі Шарофиддин Имомов.

Олардың Ауғанстанда қандай қылмысы үшін түрмеде отырғандары және қанша жылға сотталғандары туралы ақпарат бермеді.

2010 жылы Тәжікстан мен Ауғанстанның сыртқы саяси ведомство басшылары тұтқындарды алмастыру жайлы келісімге қол қойған. Алғашқы топпен 14 сотталушы 2013 жылы тәжік түрмесінен Ауғанстанға қайтарылған.

2018 жылы Кабул Душанбеге Ауғанстанда қамауға алынған 40-қа жуық тәжік азаматын қайтарған.

Azattyq