Тәжік түрмесіндегі сотталғандар бүлігін «Ислам мемлекеті» мойнына алды
Өздерін «Ислам мемлекеті» атайтын радикал исламшылдар террористік ұйымы 19 мамырда Тәжікстанның Вахдат қаласындағы қатаң режимдегі түрмеде шыққан бүлікті мойнына алды. Бүлік кезінде 32 азамат қаза тапқан еді. Ұйымға тиесілі «әл-Набаа» басылымы ешбір дәйек келтірместен, «бүлік шығарғандар — халифат сарбаздары» деп жазды. Бұл туралы Reuters хабарлады.
19 мамырда Душанбеден 25 шақырым жерде жатқан Вахдат түрмесінде жергілікті уақытпен 20.30 шамасында пышақ пен өткір заттар ұстаған 30-ға тарта сотталған азамат түрменің үш күзетшісін кепілде ұстап, артынша оларды өлтіріп, өздерін босатуды талап еткен. Министрлік бүлікті «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының қызметіне араласқаны үшін сотталғандар шығарғанын айтқан.
Вахдат түрмесінде шамамен 1500 адам қамауда отыр. Олардың көбі – терроризм және экстремизм бабымен сотталғандар.
Былтыр 8 қарашада Тәжікстанның Худжанд қаласындағы түрмеден бүлік шыққан. Ресми дерек бойынша, 21 сотталған азамат пен екі күзетші қаза тапқан. «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Худжандтағы бүлікке ұйым мүшелерінің қатысы барын мәлімдеген.
Ресми Душанбенің дерегінше, мыңға жуық Тәжікстан азаматы ИМ қатарына қосылған.