Таулы Қарабақ Әзербайжан жері емес, оны референдум өткізіп шешеміз — Орыс саясаткері

0

Әзірбайжан тілшісінің ресейлік саясаткер, Бакуге бітімгершілік күштері аясында келген Олег Кузнецов дегенмен сұхбатын көріп, расында да Ресейді осындай араағайындық жұмыстарға тартудың қаншалықты қауіпті екендігін сезінгендей болдым.

Алдымен ол бітімгершілік күштерінің неге келгенін, алдарында қандай мақсат тұрғанын тәптіштеп айтып берді. Дұрыс-ақ, расында да соғысушы екі жақты ажырату үшін қандай да бір күштер керек болғаны рас та шығар.

Оның айтуынша оккупацияланған әзірбайжан жерінде әлі де болса 25 мыңдай әрмен әскерилері бар екен, солардың бәрі де үшжақты Келісімнен кейін елдеріне қайтуға мәжбүр болған. Оның ішінде қайтқысы келмей әрі қарай соғыса беруді қалағандар да болыпты. Рас шығар, сенейік. Ең ірі Кәлбәжәр ауданында 40 мыңдай бейбіт тұрғын бар екен, солардың бәрі де жаппай қозғалып Әрменияға кеткен. (Негізі әзірбайжан армиясы бейбіт халыққа тиіскен жоқ еді, олар сол отырған үйлерінде отыра бергенде де ешкім зорлап көшірмес еді, бірақ ол әрмендердің өз таңдауы — үйлерін өртеп жаппай көшіп кетіп жатса, оған ешкім де қой дей алмас, алдынан жарылқасын дейміз да).

Міне, осыншама халықты көшіруде біздің пайдамыз тиді дейді Кузнецов. Рас делік.
Қызық содан кейін басталды. Кузнецовтың айтуы бойынша Путиннің түсінігінде Қарабақ статусы әлі белгіленбеген, ол кейін келіссөздер арқасында бөлек шешіледі-міс. «Неге олай дейсіз, Қарабақтың статусы деген мәселе жоқ, ол соғыс барысында шешілген, Әлиевтің мәлімдемесінде бұл мәселенің басы ашық делінді» — деген тілші сұрағына Кузнецов: «Жоқ, алдымен босып кеткен тұрғындар кейін қайтып келсін, сосын референдум арқылы шешіледі. Путиннің ойы да сол» — деп жауап берді.
Міне, көріп отырсыздар ма — РФ-ның көшкен әрмендерді белсенді кейін қайтаруында осындай астар бар екен, олар енді біреудің жерін билеп-төстеп, Қарабақта референдум ұйымдастырмақшы екен. Қырымдағыдай. Немесе Абхазиядағыдай.

Әз. тв. тілшісі Лашын дәлізі мен Зангезур дәлізі кезінде Мәскеудің шешімімен Әрменияға берілді, қазір де сол дәлізді Мәскеудің араласып шешіп беруіне мүмкіндігі туып тұр деген сұрағына саясатшы далаға сөйлеп кетті: Сіздер қазір 50 мың шаршы км. жерді игеріп алсаңыздаршы, кішкентай ғана дәлізде не жұмыстарың бар дегендей қылды. Оған тілші: «Жоқ, бұл әз. халқы арасында қызу талқыланатын тақырыптардың бірі, бос жерлерді игереміз бе, жоқ па — ол өз шаруамыз, бірақ мына мәселе өте маңызды» — деді. Оған Кузнецов: «Бітімгершілік күштері өздеріне берілген бұйрықты орындаушылар. Ең алдымен сол бұйрықты орындайық, 1 желтоқсанға шейін жерді босатайық, қалғаны кейін шешіле жатар. Жалпы Мәскеу үшін бұл талқылауға да тұрмайтын ұсақ сұрақ, оған бас қатырып жатқан ешкім де жоқ Мәскеуде» — деп жауап берді.

Көріп отырғанымыздай, статус жөнінде екі ел президентінің көзқарастары екі түрлі, анық қарама-қайшылық бар. Екіншіден, Зангезур проблемасын Мәскеу шешуге мүдделі емес. Кузнецов бекерге түлкібұлаңға салып отырған жоқ, ол Мәскеудегі атмосфераны біліп отыр. Әзірбайжанның Нахчыван арқылы Түркиеге шығуын қаламайды әрине. Зангезур дәлізі бейбіт жолмен шешілмейтін болса… соғыспен шешіле ме? Түркие әскері бекерге кіріп отырған жоқ-ау. Әрине, мұның бәрі өзімнің субъекті пікірлерім ғана. Келіспеуіңізде де болады. Сұхбаттың ссылкасын таба алмай қалдым, бірақ ютубта бар.

Қуаныш Еділханов, Facebook парақшасынан